АҚШ пен Иран Женевада келіссөздердің жаңа кезеңін өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM — Ертең, 17 ақпан күні Женевада Иран мен АҚШ арасында Иранның ядролық құжатына қатысты жанама келіссөздер өтеді.

АҚШ пен Иран Женевада келіссөздердің жаңа кезеңін өткізеді
Фото: Anadolu

Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігі хабарлады.

— Иран мен АҚШ арасындағы жанама ядролық келіссөздер сейсенбі күні Оман Сыртқы істер министрінің қатысуымен өтеді, — делінген Telegram-каналда жарияланған мәлімдемеде.

Америкалық делегация құрамында АҚШ президенті Дональд Трамптың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофф пен кәсіпкер Джаред Кушнер болады деп жоспарланған.

Иран делегациясын Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи басқарады. Дереккөздердің хабарлауынша, Оман Сыртқы істер министрі Бедр бин Хамед аль-Бусаиди келіссөздерге делдал ретінде қатысады.

Естеріңізге сала кетейік, АҚШ пен Иран өкілдері арасындағы келіссөздердің бірінші кезеңі Оман астанасы Маскатта өткен болатын. IRNA агенттігінің хабарлауынша, аймақтық қауіпсіздік, зымырандық бағдарламалар және басқа да тақырыптар талқыланбаған.

Оман Сыртқы істер министрі келіссөз екі жақтың да ұстанымын нақтылауға және одан әрі ілгерілеудің ықтимал бағыттарын анықтауға мүмкіндік бергенін хабарлады.

Айта кетейік, былтыр маусым айында Иран Израильмен атысты тоқтату режимі күшіне енгенін мәлімдеді. Алайда екі ел арасында атысты тоқтату режимі бұзылып, Тель-Авив Тегеранды зымыран атты деп айыптады. Ал Иран бұл мәлімдемелерді жоққа шығарды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум