АҚШ пен Қытай TikTok бойынша алдын ала келісімге келді

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ пен Қытай TikTok әлеуметтік желісін АҚШ бақылауына беру жөнінде алдын ала келісімге келді. Бұл туралы Reuters хабарлады.

Tik Tok
Фото: Pexels

Ресми мәліметке сәйкес, келісімді жұма күні АҚШ президенті Дональд Трамп пен Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин арасындағы телефон арқылы әңгіме барысында растау жоспарланып отыр. Бұл туралы АҚШ Қаржы министрі Мадридте Қытай өкілдерімен өткен келіссөздерден кейін мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, TikTok-тың АҚШ-тағы жұмысына қауіп төндірген 17 қыркүйек мерзімі қытайлық делегацияны мәмілеге келуге итермелеген. Ол келісімді аяқтау үшін бұл мерзімді тағы 90 күнге ұзартуға болатынын атап өтті, бірақ басқа ақпарат беруден бас тартты.

– Оларды қосымшаның қытайлық ерекшелігі қызықтырады, оны олар «жұмсақ күштің» көрінісі деп есептейді. Бізді қытайлық ерекшелік алаңдатпайды. Бізді алаңдататыны – ұлттық қауіпсіздік, – деді министр Бессент Мадридтегі келіссөзден кейін.

Бұл - биыл тараптардың TikTok бойынша келісімге жақындағаны жөнінде екінші мәрте мәлімдеуі. Бұған дейін наурызда осындай хабарланғанымен, ол үмітті ақтамаған болатын.

Сәуір айының басында TikTok активтерін АҚШ-та бөлуге қатысты келісім тоқтатылған еді. Қытай билігі ол кезде АҚШ президенті Дональд Трамп енгізген кедендік баж салығына байланысты келісімді қабылдамайтынын жариялаған.

Еске сала кетсек, 2024 жылы АҚШ-тың 46-президенті Джо Байден қытайлық ByteDance компаниясын TikTok-ты сату немесе ел аумағындағы қызметін тоқтату жөніндегі заңға қол қойған.

Алайда 2025 жылғы 20 қаңтарда инаугурациядан кейін Дональд Трамп бұл платформаны АҚШ-та бұғаттауды кем дегенде 75 күнге (5 сәуірге дейін) шегеретін жарлыққа қол қойды. Ол бұған дейін TikTok-қа «жылы қарайтынын» айтқан, себебі бұл желінің жас америкалық пайдаланушылары оның 2024 жылғы қарашадағы сайлаудағы жеңісіне ықпал еткен болатын.

Соңғы жаңалықтар