АҚШ пен Қытайдың сауда текетіресі Өзбекстанға теріс әсер етуі ықтимал
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – АҚШ пен Қытайдың сауда саласындағы шиеленісі Өзбекстанның сыртқы тауар айналымына теріс әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихаты барысында ӨР Орталық банкінің Валюталық реттеу және төлем балансы департаментінің директоры Отабек Тожиддинов мәлім етті.
Спикер атап өткендей, сауда саласындағы текетірестің салдары Өзбекстанды да айналып өтпейді. Өйткені, ресми Бейжің Ташкенттің негізгі сыртқы сауда серіктесі саналады. Бұл ретте Қытай тарапы импортты азайтып, экспортты ұлғайтуы мүмкін.
Отабек Тожиддинов АҚШ пен ҚХР арасындағы сауда шиеленісі Дональд Трамптың алаш рет президент болып сайланған кезеңінде де болғанын атап өтті. 2018 жылы ресми Вашингтон Қытайда өндірілетін алюминий мен болатқа қымбат тариф белгіледі, тиісінше Бейжің америкалық тауарларға баж салығын енгізді.
- 2019 жылы Өзбекстанның Қытайға экспорты 22%-ға қысқарып, импорт 34%-ға өсті. Яғни, Қытай АҚШ-қа экспортты азайтса, онда бұл ел өзге нарықтарды іздей бастайды, олардың бірі, әрине Өзбекстан. Мұның салдарынан сауда балансындағы тапшылық артуы болуы мүмкін, - деді Отабек Тожиддинов.
Оның сөзінше, Өзбекстан мен Орталық Азия елдеріне қытайлық тауарлардың көп көлемде экспортталуы көлік-логистикалық қызметтерге сұраныстты арттырады. Бұл өз кезегінде сауда балансындағы тапшылықтың бір бөлігін жабуға ықпал етеді.
Орталық банктің өкілі АҚШ пен Қытай арасындағы сауда текетіресінің ықтимал салдарына толық талдау жасалмағанын айтты. Оның әсері кем дегенде 3 айдан кейін айқын көріне бастайды.
Еске салайық Өзбекстанда $38,9 млрд мемлекеттік органдардың бақылауынан тыс қалып отыр.
Сонымен қатар, Өзбекстанның алтын валюта резервтері қаңтарда рекордтық деңгейге өскенін жазып едік.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ресми Ташкент жеңіл көліктің 80 пайызын Қытайдан импорттап жатыр.