АҚШ пен Үндістан сауда келісімін жасасты – Трамп
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен телефон арқылы сөйлескеннен кейін АҚШ пен Үндістан тарифтерді төмендететін сауда келісіміне келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
– Үндістан премьер-министрі Модимен сөйлесу мен үшін үлкен құрмет болды. Ол – менің ең жақын достарымның бірі, өз елінің беделді және құрметті көшбасшысы, - деді Трамп.
«Премьер-министр Модиге деген достық әрі құрметтің арқасында және оның өтінішіне сәйкес, біз АҚШ өз тарифтерін 25%-дан 18%-ға дейін төмендететін сауда келісіміне келістік. Олар сондай-ақ АҚШ-қа қарсы тарифтік және тарифтік емес кедергілерді нөлге дейін төмендетуге тырысады» деп жазды Трамп Truth Social сайтында.
Екі ел де сауда-экономикалық байланыстарын кеңейтіп жатыр.
– Премьер-министр сонымен қатар америкалық өнімдерді, соның ішінде Америка энергиясын, технология, ауылшаруашылық өнімдерін, көмір және тағы басқаларын 500 миллиард доллардан астам сомаға сатып алуға уәде берді. Біздің Үндістанмен тамаша қарым-қатынасымыз болашақта одан да нығая түседі, - деп атап өтті АҚШ президенті.
АҚШ пен Үндістан көшбасшылары Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтату мәселесін талқылады.
– Ол Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатып, АҚШ-тан және мүмкін Венесуэладан әлдеқайда көп мұнай сатып алуға келісті. Бұл Украинадағы соғысты тоқтатуға көмектеседі, ол қазір жалғасып жатыр, әр апта сайын мыңдаған адам қаза тауып жатыр, - деді Дональд Трамп өз жазбасында.
Бұған дейін Трамп Үндістанмен Венесуэла мұнайын сатып алу туралы келісім жасағанын мәлімдеген.