АҚШ президенті қолы не үшін көгергенін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп дәрігерлер ұсынған мөлшерден жоғары дозада аспирин қабылдайтынын, соның салдарынан қолдары көгергенін айтты, деп Кazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
— Аспирин қанды сұйылтады дейді, ал мен қою қанның жүрегіме құйылғанын қаламаймын. Сондықтан мен үлкен бір таблетка ішемін. Мұны көптеген жылдар бойы жасап келемін, соның әсерінен қолым көгеріп кетеді, — деді Дональд Трамп The Wall Street Journal басылымына берген сұхбатында, қолдарындағы жиі байқалатын көгерулерге түсінік бере отырып.
Трамптың жеке дәрігері, АҚШ Әскери-теңіз күштерінің капитаны Шон Барбабелла журналға президенттің жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу мақсатында күніне 325 мг аспирин қабылдайтынын хабарлады.
Аспирин антикоагулянт ретінде әсер етеді, яғни қан ұюының алдын алады. Ал жүрекке түскен тромбтар инфарктқа әкелуі мүмкін.
— Президент Трамптың медициналық тексерістері мен зертханалық талдаулары оның зат алмасу жүйесінің өте жақсы күйде екенін көрсетіп отыр. Жүрек-қантамыр жүйесінің жағдайы оны жасынан 14 жасқа жас көрінетіндей деңгейде деп бағалауға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, президенттің денсаулығы өте жақсы, әрі ол Бас қолбасшы ретіндегі міндеттерін толық атқаруға қабілетті, — деді Ақ үйдің дәрігері Шон Барбабелла.
Сондай-ақ Барбабелла президентте «беткейлік созылмалы веноздық жеткіліксіздік» деп аталатын ауру бар екенін, соның салдарынан биылғы жылдың басында оның балтырлары ісінгенін мәлімдеді.
Сұхбат барысында Трамп бұл мәселені шешу үшін компрессиялық шұлық кигенін, бірақ «олар ұнамағандықтан» кейін лақтырып тастағанын айтты.
Трамп өз сөзінде: «Менің денсаулығым толықтай жақсы», — деп мәлімдеді. Сонымен қатар, АҚШ президенті гольф ойынын ерекше жақсы көретінін, алайда гольф алаңынан тыс жерде спортпен айналыспайтынын атап өтті.
Бұған дейін Дональд Трамптың 2025 жылдың қазан айында жүрек пен ішек-құрылысына магниттік-резонанстық томография (МРТ) жасатқаны хабарланған болатын.
Дональд Трамп өзіне қандай уәде берді, мына сілтемеден оқыңыз.