АҚШ соты Джастин Бальдонидің Блейк Лайвлиге қарсы 400 миллион долларлық талабын қанағаттандырмады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың федералды судьясы актер әрі режиссер Джастин Бальдонидің әріптесі Блейк Лайвлиге қарсы түсірген 400 миллион долларлық арызын кері қайтарды. Бұл туралы Анадолы BBC-ге сілтеме жасап, хабарлады.

Нью-Йорктің Оңтүстік округінің федералды судьясы Льюис Лайман 2024 жылы бірге «Бәрі бізбен бітеді» («It Ends With Us») фильмінде ойнаған Бальдони мен Лайвли арасындағы іске қатысты шешім шығарды.
Судья Бальдонидің Блейк Лайвлиге қарсы жала жапты деген айыппен талап еткен 400 миллион долларлық өтемақы талабын негізсіз әрі құқықтық тұрғыдан дәлелсіз деп тауып, қабылдамай қойды.
Соттың мәлімдеуінше, Лайвлидің Бальдониге қатысты жыныстық қысым көрсетті деген айыптаулары пікір білдіру еркіндігі аясында қорғалады және сондықтан олар үшін сот жауапкершілігі көзделмейді.
Сондай-ақ, Джастин Бальдонидің The New York Times газетіне қарсы 250 миллион долларлық жала жабу туралы арызы да қанағаттандырылмады. Сот газеттің актерлер арасындағы жанжал туралы жарияланымдарын «журналистің ерікті түрде жасаған репортажы» деп танып, қорғалған деп шешті.
Айта кетейік, 2024 жылдың желтоқсанында Блейк Лайвли Джастин Бальдониге қарсы жыныстық қысым көрсетті және оны қаралауға тырысты деп айыптап, сотқа жүгінген еді. Бұған жауап ретінде Бальдони бұл айыптауларды жоққа шығарып, Лайвли мен оның күйеуіне қарсы қарсы талап түсірген болатын.
Еске сала кетейік, бұған дейін француз актері Жерар Депардье 2021 жылы түсірілім алаңында екі әйелге сексуалдық зорлық жасағаны үшін кінәлі деп танылғанын жазған едік.