АҚШ соты Кубаның экс-басшысы Рауль Кастроны қамауға алуға ордер берді

АСТАНА. KAZINFORM — Флорида штатының соты Рауль Кастроны қамауға алуға ордер берді. Куба Коммунистік партиясының бұрынғы басшысы 1996 жылы Куба әскери ұшақтарының құқық қорғау ұйымына тиесілі екі ұшақты атып түсіруі салдарынан АҚШ азаматтарының қаза табуына жауапты деп айыпталып отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігі DW-ге сілтеме жасап хабарлады.

Рауль Кастро
Фото: Михаил Климентьев/ ТАСС

Miami Herald газетінің мәліметінше, Флорида соты 2021 жылға дейін Куба Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болған 95 жастағы Рауль Кастроны қамауға алуға ордер берген. АҚШ соты Рауль Кастроның 1996 жылы Куба барлау қызметінің агенттерімен «бірінші дәрежелі кісі өлтіруді ұйымдастыру мақсатында сөз байласқанына» жеткілікті негіз бар екенін мәлімдеді.

Оқиға 1996 жылы болған. Сол кезде Куба әскери ұшақтары Флорида бұғазының үстінде Brothers to the Rescue гуманитарлық ұйымына тиесілі екі азаматтық Cessna ұшағын атып түсірген. Ұйым мүшелері теңізде апатқа ұшыраған кубалық босқындарды іздеп жүрген. Оқиға салдарынан АҚШ-тың үш азаматы мен Кубаның бір азаматы қаза тапты.

АҚШ тарапы сол кезде Кубаның Қарулы күштер министрі болған Рауль Кастроны оқиғаға тікелей жауапты деп есептейді. Сонымен қатар Кубаның екі тыңшысы Флорида штатындағы Майами мен Ки-Уэст қалаларында Brothers to the Rescue ұйымына еніп, оның мүшелерінің ұшулары туралы мәліметтерді Куба билігіне жеткізгені айтылады.

АҚШ үкіметі мамыр айында Рауль Кастроға ресми айып тақты. Кінәсі дәлелденсе, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Рауль Кастро — Куба революциясына қатысқан мемлекет және саяси қайраткер, Фидель Кастроның інісі. Ол 2008-2018 жылдары Куба президенті қызметін атқарып, бірнеше онжылдық бойы елдің саяси өмірінде маңызды рөл атқарды.

Трамп Кубаға қысым жасап, келісімге келуге үндеді

Қыркүйек айының соңында БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген АҚШ президенті Кубаның жағдайын мүшкіл деп бағалап, елде «бостандық орнайтынын» уәде берді. Оның сөзінен кейін Куба делегациясы отырыс залынан шығып кетті. Кейін Ақ үй басшысы Куба АҚШ-пен келісімге келеді және әскери араласудың қажеті болмайды деген сенім білдірді.

АҚШ Венесуэлада әскери операция жүргізіп, ел басшысы Николас Мадуроны қолға түсіргеннен кейін Венесуэла Кубаға мұнай жеткізуді тоқтатты.

— Кубаға бұдан былай мұнай да, ақша да келмейді — нөл. Оларға (Куба билігіне. — ред.) кеш болмай тұрғанда келісімге келуге қатаң кеңес беремін, — деп ескертті Ақ үй басшысы Мадуро қолға түскеннен кейін көп ұзамай.