АҚШ-та 32 жыл бұрын жоғалып кеткен қыз табылды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та 1994 жылы жоғалып кеткен қыз 32 жылдан кейін табылды. Осы уақыт ішінде ол есімін ауыстырып, өткен күнге оралғысы келмеген, деп хабарлайды BILD.
1994 жылы 15 мамырда 13 жасар Кристина Мари П. Аризона штатындағы Стар алқабындағы шағын елді мекенде жоғалып кеткен. Ондаған жылдарға жалғасқан іздеу жұмыстары еш нәтиже бермеді. Тергеушілер бұл істі адам ұрлау қылмысы болуы мүмкін деді.
Қыз жоғалып кеткеннен кейін бүкіл ел бойынша іздеу жарияланған плакаттар ілінді. Іздеу жұмыстарына еріктілер де қосылды, бірақ бала табылмады. 32 жылға жуық уақыт өткен соң тергеушілер істі қайта ашып, жоғалған қызға ұқсайтын 44 жастағы әйелді тапты.
Тексеру барысында оның бұрын жоғалған Кристина екені расталды. Ол осы уақыт аралығында басқа есіммен өмір сүріп, отбасын құрып, бұрынғы өмірін артта қалдырғаны белгілі болды.
Полиция басшысы Джейми Гарреттің айтуынша, қыз жасөспірім кезінде үйден өз бетімен кеткен болуы мүмкін.
— Ол бұл оқиғаның бұрын болғанын және өткен өмірі екенін айтты, — деді Гаррет.
Құқық қорғау органдары әйелдің таңдауын құрметтеу үшін қосымша мәліметтерді жарияламайтынын атап өтті. Оның деректері жоғалған балалардың ұлттық базасынан алынып тасталды.
Бұған дейін әнші Гүлнәр Сиқымбаеваның ұлы жоғалып кеткені туралы жаздық.
Сондай-ақ Ақтөбеде жоғалған баланы іздеу үшін 10 топ құрылып, олар оқиға болған Сарыжар ауылынан Мәртөк ауылына дейін жүріп өтті. Ақтөбе облыстық ПД бастығы Қайыркен Әлиев ауылды қайтадан мұқият қарап шығуды тапсырды.