АҚШ-та карталардағы Мексика шығанағы атауы Америка деп өзгертіледі — Google
АСТАНА.KAZINFORM - Google компаниясы Дональд Трамптың бұйрығына сәйкес карталарға өзгеріс енгізетінін айтты. Бірақ мексикалық пайдаланушылар үшін бұрынғыша Мексика шығанағы болып қала береді, деп жазады euronews.com.

Google дүйсенбі күні АҚШ-тағы Google Maps пайдаланушылары үшін географиялық аймақ Америка шығанағы деп өзгертілетінін, ал Мексикада Мексика шығанағы болып қала беретінін мәлімдеді. Қалған елдердегі пайдаланушылар екі атауды да көреді. Сондай-ақ компания АҚШ пайдаланушылары үшін Трамптың бұйрығымен Денали тауы Мак-Кинли деген атпен қолданылатынын айтты.
– Бізде ресми мемлекеттік органдарда жаңартылған атауларға өзгеріс енгізудің бұрыннан келе жатқан тәжірибесі бар. Әртүрлі елдердегі ресми атаулар әртүрлі болған кезде, карта пайдаланушылары (Google) ресми жергілікті атауды көреді. Әлемнің қалған бөлігінде екі атауды да көреді, - делінген Google сайтындағы хабарламада.
Компания өзгерістер АҚШ үкіметі шығанақ пен таудың ресми атауларын жаңартқаннан кейін болатынын мәлімдеді.
Дональд Трамптың Мексика шығанағы атауын «Америка шығанағы» деп өзгертуге ұмтылатынын айтқаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз.
Жауап ретінде Мексика президенті Клаудиа Шейнбаум Америка Құрама Штаттарына аумақтың тарихи атауы «Americana Mexicana» деп қайтаруды ұсынды.
Трамп сонымен бірге Аляскадағы ең биік Денали тауының атауын Мак-Кинли деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды.
Президент Барак Обама бұған дейін 2015 жылы Аляскадағы жергілікті тайпалар мен саясаткерлердің өтініші бойынша таудың атауын өзгертіп, 25-ші президент Уильям Мак-Кинлидің туған жері Огайо штатының тұрғындары наразылық тудырған болатын.