АҚШ-та президенттік билікті тапсыру қалай өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – 2024 жылдың 5 қарашасында Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланды, бірақ оның екінші президенттік мерзімі 2025 жылдың 20 қаңтарында инаугурацияда ант қабылдаған соң ғана басталады. Кazinform агенттігінің меншікті тілшісі Ақ үйдегі билікті тапсыру процесі қалай өтетінін зерттеп көрді.

Как проходит передача президентской власти в США
Фото: ourpublicservice.org

Билікті тапсыру туралы заң

АҚШ-та билікті бір әкімшіліктен екіншісіне беру 1963 жылы қабылданған, саяси өзгерістерге қарамастан үкіметтің жұмысын қамтамасыз ететін «Президенттік биліктің өтпелі кезеңі туралы заң» арқылы реттеледі. Бұл процесті 20 қаңтарда өтетін президенттің инаугурациясына дейінгі және кейінгі кезең деп бөлуге болады. 

Құжатқа сәйкес, негізгі функциялар АҚШ үкіметі құрамындағы тәуелсіз агенттік саналатын «Жалпы қызметтер басқармасына» (GSA, General Services Administration) жүктелген. Ол президенттік сайлауға дейін ұзақ уақыт бұрын өтпелі кезеңді жоспарлай бастайды. Сайлауға шамамен екі жыл қалғанда GSA билікті ауыстыру бойынша федералдық үйлестірушіні тағайындайды, федералдық агенттіктер туралы мәліметтерді жаңартады, жылына кемінде бір рет отырыстар өткізеді және персоналды оқытады. 

Сайлауға 12 ай қалғанда GSA билікті ауыстыру іс-шаралары мен қажетті ресурстарын қамтитын есеп дайындайды.

Сайлауға 6 ай қалғанда АҚШ президенті Ақ үйдің билікті тапсыруды үйлестіру кеңесін құрады. Билікті тапсыру агенттігінің директорлар кеңесі тұрақты отырыстар өткізе бастайды. Әрбір агенттік билікті ауыстыру іс-шараларын бақылау үшін аға қызметкерді тағайындайды.

Сайлауға 3 ай қалғанда билікті ауыстыру бойынша федералдық үйлестіруші Сенаттың ішкі қауіпсіздік және мемлекеттік істер комитетіне, сондай-ақ Өкілдер палатасының қадағалау және есеп беру комитетіне дайындық туралы есеп береді.

1 қыркүйекке дейін GSA президенттікке үміткерлермен қолдау қызметтеріне қатысты өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қояды.

15 қыркүйекке дейін агенттіктердің басшылары мансаптық емес лауазымдарға қатысты сабақтастық жоспарларының дайын болуын қамтамасыз етеді.

1 қазаннан кешіктірмей АҚШ президентінің Атқарушы кеңсесі Федералдық үйлестіруші арқылы президенттікке үміткердің ауыспалы командасымен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою бойынша келіссөздер жүргізеді. Бұл келесі әкімшіліктің федералдық агенттіктермен өз әрекеттерін үйлестіруіне мүмкіндік береді.

1 қарашаға қарай Билікті ауыстыру мәселелері жөніндегі агенттік директорлар кеңесі ауысуға арналған ақпараттық материалдарды дайындауды қамтамасыз етеді.

Сайлаудан кейін (нәтижелер анықталмаған жағдайда) GSA президенттікке үміткерлерге 5 күн бойы қолдау көрсетуді жалғастырады.

Сайлау нәтижелері жарияланғаннан кейінгі келесі күні GSA сайланған президент пен вице-президентке көмек көрсетуді жалғастырады, бұл инаугурациядан кейін 60 күнге дейін жалғасады. Сондай-ақ, қызметтен кететін президентке қолдау көрсетіледі, ол 7 айға дейін созылуы мүмкін.

Ақ үймен инаугурацияға дейінгі келісім

Инаугурацияға дейін сайланған президенттің командасы мен федералдық үкімет арасында Ақ үймен келісім жасалады. Бұл келісім жаңа әкімшілік үшін сайлаудан кейін федералдық агенттіктерге қол жеткізу шарттарын және Әділет министрлігімен бірге ауыспалы команда мүшелерінің құпия ақпаратқа қол жеткізуге қатысты сұраулары бойынша ережелерді белгілейді. 
Осы аралықта сайланған президенттің командасы шамамен 4 мың саяси лауазымға тағайындау жүргізуі қажет, олардың 1300-і, соның ішінде кабинет министрлері, агенттік басшылары, хатшылардың орынбасарлары мен көмекшілері, сондай-ақ бас кеңесшілер Сенаттың мақұлдауын талап етеді. Бұл процесс үміткерлердің заңдық, этикалық нормаларға және қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ету үшін мұқият тексеруді де қамтиды.

Сарапшылардың пікірінше, жақсы ұйымдастырылған ауыстыру кезеңі елдің тұрақтылығы үшін шешуші маңызға ие. Ол жаңа әкімшілікке мемлекеттік қызметтердің, ұлттық қауіпсіздіктің және экономиканың жұмысына кедергілерді азайтып, тез арада іске кірісуге мүмкіндік береді. Ал керісінше, ауыстыру кезеңіндегі кешігулер немесе тиімсіздік басшылықтағы олқылықтарға, үкіметтің дағдарысқа жауап беру жылдамдығының төмендеуіне және қоғамның сенімінің жоғалуына әкелуі мүмкін. Әкімшіліктер арасындағы биліктің бейбіт ауысуы – демократияның ең айқын көріністерінің бірі.

АҚШ-тың 47-ші президенті Дональд Трамптың инаугурациясы 2025 жылдың 20 қаңтарында Вашингтондағы Капитолий төбешігінде орналасқан Конгресс ғимаратында өтеді. Бұл ел тарихындағы 60-шы рәсім болады. АҚШ конституциясының 20-шы түзетулері бойынша, президент Джо Байден мен вице-президент Камала Харрисің өкілеттіктері түскі сағат 12-де аяқталады, осы сәттен бастап жаңа кандидаттың президенттік мерзімі басталады.

Айта кетейік, АҚШ Конгресі Трампты 60-шы президенттік сайлаудың жеңімпазы деп жариялады.

Соңғы жаңалықтар