АҚШ-та зумерлер ең бақытсыз ұрпаққа айналып барады — зерттеу
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та 18-29 жас аралығындағы жастардың тек 44%-ы ғана өміріне көңілі толатынын айтқан. Gallup зерттеуінің жаңа деректеріне сәйкес, 2010 жылдан бері бұл көрсеткіш 20 пайыздық тармаққа төмендеген.
2020 жылы COVID-19 пандемиясы кезінде өміріне көңілі толатын жастардың үлесі 39%-ға дейін төмендеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш қайта өсіп, 51%-ға жетті. Алайда содан кейін қайта құлдырай бастаған.
Бұл үрдіс өзге жас топтарына да әсер еткен. 2026 жылы 30-44 жастағы америкалықтардың 45%-ы өміріне көңілі толатынын айтқан. Бұл 2016 және 2017 жылдары тіркелген 62%-дан едәуір аз.
45-64 жас аралығындағы азаматтар арасында да көрсеткіш төмендеп, 46%-ға жетті. Бұл — 2008 жылдан бері осы жас тобында тіркелген ең төменгі деңгей.
Ал 65 жастан асқан америкалықтардың өміріне көңілі толатын үлесі артып келеді. 2026 жылы бұл көрсеткіш 53%-ға жетті. Салыстыру үшін, 2008 жылы ол 38% болған. Осылайша, 2021 жылғы рекордтық деңгей қайта тіркелді.
Жастардың көңіл күйіне не әсер етеді?
Gallup сарапшыларының пікірінше, америкалық жастардың өміріне көңілі толмауына депрессияның кең таралуы, жақын адамдармен байланыстың әлсіреуі, күнделікті өмірдегі жағымды эмоциялардың азаюы және өзін пайдалы сезіну деңгейінің төмендеуі әсер етіп отыр.
2019 жылдан бері күн сайын жағымды эмоцияларды айқын сезінетін жастардың үлесі азайған. Сонымен қатар өміріне қанағаттану деңгейі мен болашаққа деген сенім де төмендеген.
Зерттеушілер жастардың жеке мақсаттарына жетуде қиындықтарға тап болуын және болашаққа деген ынтасының азаюын да осы үрдіске әсер ететін факторлар қатарына қосқан.
Экономикалық тұрақсыздық та жастардың алаңдаушылығын күшейтіп отыр. Жас америкалықтар баспананың қымбаттығынан үй сатып алуды қиын санайды, жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне де сенімсіздікпен қарайды. Бұған қоса, жасанды интеллект жұмыс орындарын тартып алуы мүмкін деп қауіптенеді.
Әлеуметтік қамсыздандыру төлемдері мен Medicare медициналық сақтандыру жүйесінің болашағына қатысты алаңдаушылық та ертеңгі күнге деген сенімді әлсіретіп отыр.
Жалғыздық пен саяси және қоғамдық институттарға деген сенімнің төмендеуі де жағдайды күрделендіре түскен. Gallup деректеріне сәйкес, 18-34 жас аралығындағы америкалықтардың небәрі 14%-ы өз елі үшін ерекше мақтаныш сезінетінін айтқан. Бір жылдың ішінде бұл көрсеткіш 10 пайыздық тармаққа төмендеген.
Неліктен егде жастағы америкалықтар өміріне көбірек көңілі толады?
65 жастан асқан америкалықтардың өміріне көңілі толуының бір себебі – қаржылық тұрақтылық.
Осы жас тобындағы сауалнамаға қатысқандардың 59%-ы өзіне қажеттінің бәрін алуға қаражаты жететінін айтқан. Ал 67%-ы сауалнамаға дейінгі аптада ақшаға қатысты алаңдамағанын жеткізген.
Азық-түлік тапшылығына тап болғандар да азайған. Респонденттердің небәрі 6%-ы кейінгі бір жылда кемінде бір рет азық-түлік жетіспеушілігін бастан өткергенін айтқан.
Зерттеушілер денсаулыққа қатысты кейбір көрсеткіштердің де жақсарғанын атап өтті. Жеті жыл бұрынғы деректермен салыстырғанда, егде жастағы америкалықтар қан қысымының жоғарылауы мен диабетке сирек шағымданады. Сондай-ақ олар тіс дәрігеріне жиірек қаралатын болған. Зерттеушілер бұл факторларды өмір сапасына берілетін жоғары бағамен байланыстырады.
2026 жылғы зерттеу ақпан, мамыр және тамыз айларында жүргізілген үш онлайн сауалнаманың нәтижесіне негізделген. Сауалнамаға АҚШ-та тұратын 15 156 кәмелетке толған азамат қатысқан.
Gallup зерттеуінде қазіргі өмірін 10 балдық шкала бойынша кемінде 7 балға, ал бес жылдан кейінгі өмірін кемінде 8 балға бағалаған респонденттер әл-ауқаты жоғары адамдар қатарына жатқызылған.
Еске салайық, мұның алдында зумерлер еңбек нарығын қалай өзгертіп жатқанын жазған едік.