АҚШ-тан Алматыға есірткі жеткізген қылмыстық топ ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда есірткі контрабандасының арнасы жойылды.

сотталды, қылмыс
Фото: ҚР ІІМ

Алматы қаласының арнайы прокурорлары есірткі заттарының аса ірі көлемдегі контрабанда фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу барысында жазасын пенитенциарлық мекемеде өтеп жатқан сотталған адам Америка Құрама Штаттарынан Алматыға есірткі құралы - марихуана мен каннабис сығындысы салынған сәлемдемелерді жеткізу арнасын ұйымдастырғаны анықталды. Қылмыстық әрекетке ұйымдастырушылар, кураторлар, қамқоршылар, дропперлер, жасырын белгілеушілер және өлшеп ораушылар тартылған.

Жедел іс-шаралар нәтижесінде «Жетісу» кеден бекетінде салмағы 43 кг марихуана мен каннабис сығындысы салынған 25 сәлемдеме тәркіленді. Олар іс бойынша заттай дәлелдемелер деп танылды.

Тергеу және жедел-іздестіру іс-шараларының кешені, сондай-ақ сот сараптамаларының нәтижелері, айыпталушылардың құқыққа қарсы қызметін растады. 20 күдікті, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік органының 2 қызметкері және қылмыстық топтың қызметіне қамқорлық көрсеткен ҚР ІІМ ҚАЖК-нің 3 қызметкері ұсталды.

Іс бойынша айыпталушыларға есірткі заттарын контрабандалағаны және сатқаны, сондай-ақ лауазымдық қылмысы үшін жауаптылықты көздейтін баптар бойынша айып тағылды.

Заңсыз қызметтен алынған табысты күдіктілер жылжымайтын мүлікті, жер учаскелерін және автокөлік құралдарын сатып алу жолымен заңдастырған.

Соттың санкциясымен 5 пәтерге, 3 құрылысқа, 10 жер учаскесіне және 44 автокөлік құралына тыйым салынды. 30.09.2025 ж. қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

– Алматы қаласының прокуратурасы есірткі құралдарының заңсыз айналымы ауыр қылмыс болып табылатынын және қатаң түрде қылмыстық жауаптылыққа тартылатынын ескертеді. Өзінің жеке деректерін үшінші тұлғаларға беру кезінде сақтық танытуды еске салмыз, - делінген прокуратура хабарламасында.

Айта кетейік, Қызылордада синтетикалық есірткіні жарнамалайтын 1 120 сайт бұғатталды.

Жыл басынан бері 26 тоннадан астам есірткі тәркіленді.

Соңғы жаңалықтар