АҚШ-тың біржақты тариф енгізуі ДСҰ ережелерін өрескел бұзу болып саналады — Қытай

АСТАНА.KAZINFORM - Қытай сауда протекционизмінің сын-қатерлеріне жауап беруге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі.

АҚШ-тың біржақты тариф енгізуі ДСҰ ережелерін өрескел бұзу болып саналады — Қытай
Фото: министерство коммерции КНР

Бұл туралы бейсенбі күні Қытай Халық Республикасы Сауда министрлігінің ресми өкілі Хэ Юнцянь мәлімдеді.

- Қытай мүдделі елдермен ынтымақтасуға дайын, еркін сауда мен көпжақтылықты қолдау үшін мүдделі елдермен жұмыс істеуге және біржақтылық пен сауда протекционизмінің сын-қатерлеріне бірлесіп жауап беруге дайын, - деді Хэ Юнцянь баспасөз мәслихатында.

Ол АҚШ-тың Канада мен Мексикадан келетін тауарларға баж салығын арттыруды кейінге қалдыруына пікір білдірді.

Оның айтуынша, АҚШ-тың бұл әрекеті ережелерге негізделген көпжақты сауда жүйесін, жаһандық өнеркәсіптік жеткізу тізбегінің тұрақтылығын бұзады және жаһандық сауда шиеленістерін арттырады.

Айта кетейік, 1 ақпанда АҚШ Қытайдан келетін тауарларға 10 пайыздық баж салығын енгізетінін хабарлаған болатын. Өз кезегінде Қытай Дүниежүзілік сауда ұйымына шағым түсірді. Қытай да АҚШ-тың тарифтеріне жауап ретінде көмір мен сұйытылған табиғи газға 15% баж салығын енгізді.