АҚШ-тың климат мәселесін ысырып қоюы Қазақстанға да әсер етеді - сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM – Климаттық бастамаларға жаһандық қызығушылықтың төмендеуі еліміздің «жасыл» экономикасына инвестиция тартуды қиындатуы мүмкін. Мұндай пікірді «Атамекен» ҰКП Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры Жақып Хайрушев білдірді.

Отказ США от климатической повестки повлияет на Казахстан
Фото: pixabay/pexels/freepik

ЖЭК нарығындағы ірі ойыншы

АҚШ Президенті Дональд Трамп Париж келісімінен шығатынын мәлімдеп, энергетика саласында төтенше жағдай енгізілетіндігін жария етті. Трамптың бұл шешімі АҚШ-тың бұрынғы президенті Джо Байденнің Арктика аумағын бұрғылаудан қорғау, электромобильдерді пайдалануды ынталандыру және жаңартылатын энергетиканы дамыту бағытындағы күш-жігерін жоққа шығарады.

Американың қазіргі іс басындағы президентінің пайымдауынша бұрынырақ қабылданған бастамалар америкалық тұтынушылар үшін шығыстарды арттырып, экономикаға теріс әсерін тигізген.

АҚШ көшбасшысы ірі жел парктерін қолдау шараларын тоқтатуды ұсынды. Оның атап өтуінше, «олар табиғи көріністі бұзады және тұтынушылардың мүддесіне жауап бере алмайды. Сонымен қатар ұсынылған өзгерістердің арасында электромобильдерге арналған субсидияны жою, жаңартылатын энергетикаға инвестицияны қысқарту да бар.

Сарапшылар Американың «жасыл» энергетиканы қолдаудан бас тартуы және Париж келісімінен шығуы климаттың өзгеруімен күресуге бағытталған жаһандық күш-жігерді ғана әлсіретіп қоймай, сонымен бірге елдің инновациялық технологиялар әзірлеу әрі енгізудегі көшбасшылығынан айырылуына да алып келетіндігін айтады.

«Атамекен» ҰКП Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры Жақып Хайрушев мұндай амал жаңартылатын энергетиканы дамыту прогресін айтарлықтай тежейтіндігін алға тартады. Дегенмен, Трамп саясатының жақтастары мұндай шара америкалықтар үшін энергия құнын төмендетуге және көмір, мұнай мен газ өнеркәсібі сынды дәстүрлі салаларды күшейтуге мүмкіндік береріне сенімді.

Жақып Хайрушев
Фото: Ж. Хайрушевтің жеке мұрағатынан

- АҚШ ЖЭК нарығындағы ірі ойыншылардың бірі ретінде зор әлеуетке ие. Мәселен, Калифорнияда күн стансаларының қуаты қазірдің өзінде 11 000 МВт-тан, ал жел стансаларының қуаты 6 000 МВт-тан асып түседі. Бұған қоса, Штаттар «ЖЭК-ті дамыту жөніндегі стандарт» (Renewable Portfolio Standard) қабылдаған. Оған сәйкес, ЖЭК үлесі 2030 жылға қарай 60 пайызға, ал 2045 жылы 100 пайызға жетуі, жеке тұтынушылар үшін энергия CO2 шығарындыларынсыз өндірілуі тиіс, - деді сарапшы.

Оның атап өтуінше, егер АҚШ «жасыл» бағыттан толығымен бас тартса, онда бұл таза энергия индустриясына теріс әсерін тигізіп қоймай, сонымен қатар тұрақты экономикаға көшу бағытындағы халықаралық күш-жігерге де кесірін тигізеді.

- АҚШ-тың энергетикалық саясаты экономикалық мүдделер, экологиялық міндеттемелер және саяси ерік-жігер арнасындағы теңгерімді сақтауы тиіс, - деді Жақып Хайрушев.

Әлемдік экономикаға қауіп-қатер

Сарапшылар «жасыл» энергетиканы қолдаудан бас тарту және Париж келісімінен шығу, шын мәнінде де АҚШ-қа қысқа мерзімді экономикалық пайда беретіндігін жоққа шығармайды.

Климаттық бағдарламаларға арналған шығындарды қысқарту көмір, мұнай мен газ өнеркәсібі сынды дәстүрлі салаларды қолдауға мүмкіндік береді. Ал бұл жаңа жұмыс орындарының құрылуына септігін тигізіп, тұтынушылар үшін энергия құнын төмендетеді. Бұған қоса, америкалық компаниялардың экологиялық қатаң стандарттардан құтылуы өнімнің өзіндік құнын төмендетуі мүмкін. Бұл олардың өнімдерінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Энергетика саласының сарапшысы Жақып Хайрушевтің пайымдауынша, мұндай амалдың айтарлықтай ұзақмерзімді тәуекелі болады.

- Бүгінде күн, жел және сутекті қоса алғандағы жаңартылатын энергия әлемдік экономика өсімінің негізгі нүктелерінің біріне айналып отыр. Егер АҚШ тыс қалатын болса, онда бұл оның технологиялық көшбасшылық мүмкіндігін шектейді. Сонымен қатар экспорттық әлеуетін қысқартады. Мұның үстіне, менің ойымша климаттық белсенді шаралардың болмауы дауыл, құрғақшылық, су тасқыны сынды табиғи өзгерістер әсерін күшейтеді. Ал бұл келешекте ауқымды экономикалық шығынға алып келеді, - деді сарапшы.

АҚШ-тың климаттық күн тәртібінен бас тартуы елдің халықаралық аренадағы жаһандық көшбасшы ретіндегі ұстанымын әлсіретуі және негізгі серіктестерімен, әсіресе Еуропалық одақпен және Қытаймен қарым-қатынасын нашарлатуы мүмкін.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмайылов «жасыл» технологиялардың жойылуы мұнай компанияларының капиталдануының артуына алып келетініне сенімді.

Аскар Исмаилов
Фото: А. Исмайыловтың жеке мұрағатынан

- Инвесторлар қаражаттарын «жасыл» энергетикаға құюын тоқтатады және мұнай саласына инвестиция салады. Бұл орайда, мұның тек Трамптың президенттік кезеңінде ғана болатындығын түсіну қажет. Енді 4 жылдан кейін сайлаудың қалай өтетіндігін ешкім білмейді, егер 2028 жылы демократтар жеңіске жететін болса, онда «жасыл» энергетика қайтадан күн тәртібіне шығады. Сондықтан да өзгерістер таяудағы 4 жылға ғана қатысты, - деді Асқар Исмайылов.

Kpler SAS компаниясының тауарлық шикізаттың әлемдік нарығы бойынша жетекші кеңесші Ора Лазич (Лондон) «жасыл» энергетика әлемде барынша өзекті бола түсті деп санайды.

Ора Лазич
Фото: weproject.media

- Тіпті, Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум бағдарламасына қарасақ, онда «жасыл» энергетиканы дамытуға арналған тақырып пен семинарлар өте көп болды. Американың көптеген штаты қазірдің өзінде «жасыл» энергетиканы дамытуға барынша қаржы салды. Ал Калифорнияда бүгінде мұнай компанияларына қомақты айыппұл бар. Адамдар бензинмен жүретін көліктерге мінбейді. Сондықтан да Трамп барлығын жою алмайды-ау. Тек өзінің билігі мерзімінде ғана тоқтата алады, - деді Ора Лазич.

Мұнан бөлек, тек Техас штатының өзінде ғана әлемдік жел энергиясының 25 пайыздан астамы өндіріледі.

Сарапшының атап өтуінше, Трамп адамдар инвестиция салған, бүгінде жұмыс істеп тұрған «жасыл» технологиялар жобаларын тез арада жауып тастай алмайды.

Қазақстанға төнер сын-қатер

«Атамекен» ҰКП Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры Жақып Хайрушевтің пікірінше, АҚШ-тың «жасыл» энергетиканы қолдаудан бас тарту шешімі әлемдік нарыққа да, оның ішінде Қазақстанға да айтарлықтай әсерін тигізеді.

- Меніңше, Қазақстан үшін бұл уақытша мүмкіндік те, сын-тегеурін де қалыптастырады. Мұнай, газ, көмір сынды дәстүрлі энергия ресурстарына сұраныстың артуы оларды экспорттаудан түсетін кірісті арттыруы мүмкін. Алайда, климаттық бастамаларға жаһандық қызығушылықтың төмендеуі Қазақстанның «жасыл» экономикасына инвестиция тартуды қиындатып жіберуі ықтимал. Бұл ЖЭК саласындағы стратегиялық маңызы бар жобаларды дамытуға қауіп төндіреді және экологиялық күн тәртібін жақтайтын Еуропадағы серіктестер мен Қытайға қайта бағдарлануды талап етуі мүмкін, - деп атап өтеді Жақып Хайрушев.

Сарапшының пайымдауынша, АҚШ-тың «жасыл» бағдардан бас тарту шешімі әлемдік нарыққа айтарлықтай ықпалын тигізеді. Ал Қазақстан үшін бұл көміртегі экспортындағы позициясын нығайта түсуге мүмкіндік береді. Дегенмен, Қазақстанға ұзақмерзімді тұрақтылық үшін жаһандық климаттық трансформация жағдайында бәсекеге қабілеттілікті сақтау мақсатында төмен көміртекті технологияларды дамытуын жалғастыру маңызды.

Айта кетсек, бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп елдің экономикалық тұғырын мұнай мен газ есебінен нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді. Жылдар бойы кейінге ысырылып келген тақтатас мұнайының өндірісін қайта жандандырып, бүкіл әлемді арзан мұнай мен сұйытылған газға қарық қылатынын жариялады. Бірақ кей сарапшылар АҚШ қазірдің өзінде мұнайды максималды көлемде өндіріп жатқанын айтады.

Соңғы жаңалықтар