АҚШ-тың Көлік министрі NASA-ны уақытша басқаратын болды

ВАШИНГТОН. KAZINFORM — АҚШ Президенті Дональд Трамп Көлік министрі Шон Даффиді Ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасы (NASA) әкімшісінің міндетін уақытша атқарушы етіп тағайындады. Бұл туралы америкалық көшбасшы сәрсенбі күні Truth Social желісінде жазды, деп хабарлайды ТАСС.

АҚШ-тың Көлік министрі NASA-ны уақытша басқаратын болды
Фото: x.com/tass_agency

— Біздің Көлік министріміз Шон Даффиді NASA әкімшісінің міндетін уақытша атқарушы етіп тағайындағанымды хабарлауға қуаныштымын, — деді Трамп. 

Оның пікірінше, Даффи «қысқа мерзімге болса да, маңызы артып келе жатқан ғарыш агенттігіне тамаша басшы болады».

Маусым айының басында Трамп NASA басшысы қызметіне ұсынылған миллиардер әрі ғарыш туристі Джаред Айзекманның кандидатурасын қайтарып алған болатын. Бұған дейін, сәуір айының соңында АҚШ Сенатының коммерция, ғылым және көлік жөніндегі комитеті Айзекманды аталған ведомство басшысы қызметіне ұсынуға кеңес берген еді.

6 шілдеде Трамп кәсіпкер Илон Маск одан ғарыш агенттігіне өзінің жақын досын басшы етіп тағайындауды сұрағанын, бірақ оның нақты кім екенін айтпағанын жеткізген. АҚШ-тың бірқатар БАҚ-тары Айзекманды Масктың қолдаушысы ретінде атаған.

Бұған дейін Президент Дональд Трамп АҚШ-қа импортталатын мысқа 50 пайыздық баж салығын салу жоспары бар екенін мәлімдегенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар