АҚШ вице-президенті Иранмен келіссөз жүргізу үшін Пәкістанға аттанды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс 10 сәуір күні Пәкістанға ұшып кетті. Исламабадта 11 сәуірде Иранмен келіссөздер басталады, деп хабарлайды BBC.

Джей Ди Вэнс
Фото: Анадолу

– Біз келіссөздерді асыға күтіп отырмыз, – деді Вэнс Исламабадқа ұшар алдында.

Оның айтуынша, АҚШ Иран «адал әрекет етсе», диалогқа дайын. Алайда алдау әрекеті байқалса, Вашингтон мұндай қадамдарды қабылдамайды. Вэнс сондай-ақ Дональд Трамп келіссөздерге қатысты нақты тапсырмалар бергенін айтты.

Америкалық делегация құрамына президенттің арнайы өкілі Стив Уиткофф және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер кірген.

BBC мәліметінше, Исламабад келіссөздерге белсенді дайындалып жатыр, парламент маңында қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, түсірілім топтары шектелген.

Сонымен қатар, Иран делегациясының қатысатыны әзірге нақты белгісіз. Иран СІМ-інің жоғары лауазымды өкілі бұл мәселе әлі толық шешілмегенін мәлімдеді.

Бұған дейін Иран парламентінің спикері Мохаммад-Багер Галибаф келіссөздер басталғанға дейін қарсы тарап Ливандағы соққыларды тоқтатып, Иранның бұғатталған активтерін босатуы тиіс екенін айтқан.

Иранның Tasnim агенттігі келіссөздер Ливандағы атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенге дейін кейінге қалдырылғанын хабарлады.

Айта кетейік, АҚШ пен Иран арасындағы кездесу Пәкістанның делдалдығымен өтеді және екі аптаға жарияланған уақытша бітім аясында ұйымдастырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар