Ақшаны қалай үнемдеу керек – қаржыгерден кеңес
АСТАНА. KAZINFORM – Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында қаржыгер Гимран Әбдірахманов кеңесін бөлісіп, ақшаны үнемдеудің жолдарын түсіндірді.
Қаржыгер табыстың 10%-ын үнемдеу керек деген дәстүрлі қағида ескірген деп санайды.
– Бұрын 10 пайыз деп айтылатын. Қазір бұл аз. 20-30%-дан астам сақтау керек. Ақшаны үнемдеудің бірнеше жолы бар: шешілмейтін депозит ашу, мерзімдік жинақтар, жинақтаушы сақтандыру бағдарламалары. Сондай-ақ акция, 3 жылдық облигация сияқты құралдардарды да қарастыру керек. Екінші деңгейлі банктерден 1 грамм алтын сатып алуға болады, қазір ол шамамен 70 мың теңге тұрады. Екі жыл бұрын 50 мың болатын. Бұл да бір инвестиция, – дейді сарапшы.
Сарапшы Паркинсонның екінші заңына тоқталды.
– Табыс артқан сайын шығын да көбейеді. Сондықтан оны басқаруды үйрену, қаржылық сауатты меңгеру маңызды, – дейді ол.
Экономист шығындарды шектеудің әр адамның жеке өміріне байланысты екенін атап өтті.
– Мысалы, шоу-бизнесте жүрген адам өзіне қалағанынша қаржы құя алады, себебі жұмсалған қаражат ақталады. Ал ақталмайтын жағдайда шығынды шектеу керек. Әрбір шығын инвестиция ретінде қарастырылуы тиіс, – деді маман.
Сонымен қатар қаржыгер эмоционалды шопингтен аулақ болуға шақырды.
– Жеңілдіктердің соңынан жүгірмеу қажет. 50 мың теңгенің заты 30 мыңға сатылуы мүмкін емес. Адам өз-өзін алдап, оны сатып алады. Бұл – эмоционалды шопинг, – деп ескертті Әбдірахманов.
Сарапшының айтуынша, қаржылық сауатты бала кезден бастаған дұрыс.
– Бала өз еңбегінің арқасында ақша келетінін біліп, дұрыс қаржылық әдеттерді дамыта алады, – деді Гимран Әбдірахманов.
Айта кетейік, Қазақстанда 90 күннен асқан несиесін өтей алмай жүрген азаматтардың саны 1 млн 600 мыңнан асып отыр.