Ақтау әкімдігі стадион алаңын хайуанаттар бағына жалға беріп жіберген
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтаулық спортшылар күнделікті жүгіріп жүрген жерінен айырылып қалды. Олардың айтуынша, әкімдік бұл аумақта стадион салуға уәде берген, алайда нәтижесінде жерді хайуанаттар бағына жалға берген.

— Бізге жүгіруге арналған жалғыз стадион еді. Оны да тартып алды. Бұл жер бос, қараусыз қалған аумақ емес. Мұнда жазда Қазақстан Республикасының Кубогы өтті. Әскери нормативтер де осында тапсырылады. Клубтың балалары жаттығады, жаттығулар тұрақты түрде өтеді. Бұл өте ыңғайлы орын, — деп тұрғындар наразылықтарын білдірді.
Ақтау қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл сайын келетін цирк «Меловой» аумағында ұйымдастырылатын. Алайда, қазіргі таңда ол жерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
— Іс-шараны ұйымдастыру үшін үлкен аумақ қажет болғандықтан, қала әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасымен, Маңғыстау облысының олимпиадалық резервін даярлау орталығы КММ-мен бірлесіп, 30 қараша мен 30 желтоқсан аралығында аталған аумақта хайуанаттар бағына жұмыс істеуге уақытша рұқсат берді, — делінген хабарламада.
Бұған дейін, Өзбекстандағы цирктерде келесі жылдан бастап жабайы жануарларды пайдалануға тыйым салынатыны туралы жазған болатынбыз.