Ақтауда әлсіреп, ұша алмай қалған екі аққу құтқарылды

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының хабарлауынша, Ақтауда қыс мезгілінде қолайсыз ауа райының салдарынан зардап шеккен екі аққу құтқарылып, табиғи мекеніне қайтарылған.

аққу
Фото: Видеодан скрин

— Әлсіреп, тоңып қалған құстар Ақтау қаласындағы әлеуметтік бейімдеу орталығына жеткізіліп, оларға алғашқы көмек көрсетілді. Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының табиғи кешендер мен нысандарды қорғау бөлімінің кезекші мемлекеттік инспекторлары құстарды қабылдап, оларды күтіп-бағуға арналған қажетті шараларды жүргізді, — делінген хабарламада.

Аққулардың жағдайы жақсарғаннан кейін олар 1-2 ақпан күндері Қарақия–Қаракөл мемлекеттік табиғи қорығының аумағында орналасқан Қаракөл көліне жіберілген.

Бұған дейін, Жетісу облысында қамыс арасында қалып қойған аққу құтқарылған еді.

Ал, Павлодарда ауыл тұрғындары Қызыл кітапқа енген сұңқылдақ аққуды құтқарғаны анықталды.

Соңғы жаңалықтар