Ақтауда теңіз бетінде майлы дақтар мен қоқыс қалқып жүр

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау тұрғындары жағалау аймағының жағдайына алаңдап, экологиялық ахуалдың нашарлауына назар аударуға шақырған, деп жазды Lada.kz.

Ақтауда теңіз бетінде майлы дақтар мен қоқыс қалқып жүр
Фото: Видеодан алынған кадр

Қала тұрғыны түсірген видеодан теңіз бетінің ластанғаны анық көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, 15-шағын аудан маңында теңіз суының бетінде майлы дақтар мен қалқып жүрген қоқыс байқалған.

– Біреу әдейі қалдық тастағандай. Шамамен 40 минут бұрын су тап-таза еді, қазір мүлде шомылуға келмейді, – дейді Ақтау тұрғыны.

Бұл мәселеге байланысты Kazinform агенттігі Маңғыстау облыстық экология департаментіне ресми сауал жолдады.

Айта кетейік, 2025 жылдың мамыр айының басынан бері Еуропалық ғарыш агенттігінің Sentinel-1A және Sentinel-1C спутниктері Каспий теңізінде аптасына бір рет мұнай қалдықтары бар дақтарды тіркеген еді. 

Бұған дейін Форт-Шевченко қаласының маңында, Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауынан өлі балықтар табылған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың жаппай қырылуына теңіз суының температурасының күрт көтерілуі және судағы оттегі деңгейінің төмендеуі себеп болған.

Соңғы жаңалықтар