Ақтауда Ұлттық ұлан сарбаздары іздеуде жүрген күдіктіні ұстады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласында Ұлттық ұлан сарбаздары іздеуде жүрген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 3 мамыр күні болған.

1 мамыр күні белгісіз біреу «МедТехника» өнеркәсіп базасында түскі үзілісте құралдар салынған құрылыс шабаданын ұрлап кеткен. Жәбірленуші полицияға хабарласып, ұрының сыртқы келбетін, ерекше белгілерін, өзіне 38 мың теңге шығын келтіргенін айтып, шағым жазған.

3 мамыр күні сағат 20.50 шамасында құрамында сержант Мұхит Бердеш, қатардағы сарбаз Әбутәліп Айтқожа және Құрал Нахай бар топ күдіктіге келетін ер адамды байқайды. Ол бой тасаламақ болғанымен, қолға түседі. Ұсталған Ақтау қаласының 33 жасар тұрғыны болып шықты. Ол куәлердің көзінше құрылыс шабаданын ұрлағанын мойындады.

Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Күдіктіні ұстауда батылдық танытқаны үшін аталған жауынгерлерді 6656-әскери бөлім командирі ынталандырды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ақтауда Ұлттық ұлан сарбаздары жоғалған 10 жасар қызды тапқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар