Ақтауға тәулігіне 20-25 мың текше метр су жетпейді: себебі не, шешімі қандай

АҚТАУ. KAZINFORM – Шаһарда ауыз су тапшылығы бұдан төрт жыл бұрын, яғни 2020 жылы басталды. Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, бұған біріншіден, қаланың 2 есе ұлғайып, тұтыну көлемінің артуы себеп. Мәселен, статистикалық мәліметтерге сәйкес 4-5 жылдың ішінде Ақтау тұрғындарының саны 172 мыңнан 183 мыңға өскен. Екінші себеп – су құбырларының жаңартылмауы. Құбырлар желісі осы кезге дейін бірде-бір рет ауыстырылмай, тек жөндеу жүргізіліп келген. Бүгінде соның салдарынан апатты жағдайлар жиіледі.

су
Коллаж: Kazinform/Pixabay

Су тапшылығы күн ысығанда туындайды 

Ақтаулықтар тұщытылған теңіз суын тұтынады. Шаһарды ауыз сумен Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты (МАЭК) қамтып отыр. Кәсіпорын электр энергиясы мен жылудан бөлек, тәулігіне 52 мың текше метр ауыз су шығарады. Күн салқын болатын маусымдарда бұл көлем жеткілікті. Бірақ жаз айларында толық жетпей қалады. Себебі, тұрғындардың сұранысынан бөлек, жасыл-желекті суару қажет. Биыл жаз басталғанда сұраныс 77 мың текше метрге жеткен. Ескеретін жайт, МАЭК-те су өндіру көлемі жаз мезгілінде азаяды. Өйткені, күн ысып, теңіз суы жылығанда кәсіпорынның технологиялық процесі өзгеріп, өндіріс көлемі бәсеңдейді. Мысалы, жуырда Ақтауда ауа температурасы 38-40 градус болғанда комбинат тәулігіне шамамен 46 000 текше метр ауыз су өндірді.

«Ауа температурасы 40-42 градус Цельсий деңгейінде тұр. Теңіз суының температурасы да көтерілді. Мұның бәрі суды тұшытудың технологиялық процесіне әсер етіп, өндіріс көлемін азайтады. Сондықтан әкімдік кесте бойынша желілердегі су қысымын төмендету туралы шешім қабылдады. Су көлемі ұлғайғаннан кейін кестемен су беру тоқтатылады. Бұл уақытша қабылданған мәжбүрлі шара, — дейді «МАЭК» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Сәбит Желкушинов.

Осы кезде қалаға су беру қысымы төмендеп, су көп қабатты үйлердің жоғарғы қабаттарына көтерілмей қалады. Салдарынан тұрғындарға бірнеше күн қатарынан сусыз отыруға тура келді. Қиналған халық тіпті, орталық көлік жолдарды жауап, су сұрады. Тұрғындарға ауыз су жетпей жатқаны туралы бірнеше рет жазған едік. Сол кезде тұрғындармен кездесуге Ақтау қаласының әкімі, тұрғын үй инспекциясы бөлімі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылары келіп, ауыз суға қатысты жағдайды түсіндірді.

Осы оқиғадан кейін шамамен бір айда жағдай тағы да қайталанды. Ол кезде 19-шағын ауданның тұрғындары 19 бен 16 шағын аудандардың ортасындағы автокөлік жолын жауып, жергілікті биліктен су беруді талап етті.

Маңғыстау атом энергия комбинатының өкілі Владимир Васильев қалада су тапшылығы қайтадан туындауына аптап ыстықтан теңіз суы температурасының көтерілуі мен ауыз суды тұтыну көлемінің күрт артуы себеп болғанын түсіндірді. Сондықтан шаһарда бірінші кезекте тұрғындарға ауыз су жеткізу үшін, көлік жуу орындарының жұмысына уақытша шектеу енгізілді.

каспий ақтау
Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Мәселе қалай шешіледі? 

Биылғы жазда болжамды қосымша қажетті ауыз су көлемі шамамен 20 000-25 000 м3 болып отыр. Аймақ тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін, облыста бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Жобалардың жай-күйі туралы бұған дейін жазған болатынбыз. Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының сумен жабдықтау және су бұруды дамыту бөлімінің басшысы Ануар Туляковтың айтуынша, өңірде ауыз су тапшылығын кезең-кезеңімен шешу жоспарланған. Аймақта қуаттылығы тәулігіне 140 500 м3 болатын 9 су тұщыту зауыты мен қондырғылардың құрылысы, 1 қондырғының жөндеу жұмыстары және 1 магистралдық су құбырын (Астрахан-Маңғышлақ) қайта жаңарту және кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда аталған жобалардың екеуі пайдалануға берілді. Олар – «МАЭК» кәсіпорны аумағындағы тәулігіне 6 000 текше метр су тұшытатын қондырғылар мен Сайын Шапағатов ауылындағы 6500 текше метр су өндіретін қондырғылар.

«Қазіргі таңда «МАЭК» ЖШС-нің екінші орталық сумен жабдықтау торабы (ОСЖТ-2) аумағында тәулігіне 6 000 текше метр су тұшытатын қондырғылар іске қосылып, сынақты түрде қондырғы ауызсу өндіруде. Сондай-ақ тамыз айының соңына дейін «СК-А-Строй» серіктестігі салған су тұшыту зауытының қуатын 7 000-7 500 текше метрге дейін арттыру жоспарланған. Сонымен қатар, Сайын-Шапағатов және Ақшұқыр ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Сайын Шапағатов ауылында өтімділігін тәулігіне 6 500 м3 құрайтын су тұщыту қондырғысы іске қосылып, сынақты түрде қондырғы ауыз су өндіріп отыр», - дейді Ануар Туляков.

Бөлім басшысының сөзінше, Форт-Шевченко қаласы мен оның маңындағы елді-мекендер үшін, қуаттылығы тәулігіне 5000 текше метр су тұшыту қондырғысының құрылысы қыркүйек айында аяқталады.

Өзге қандай ұсыныс бар?

2013-2018 жылдары Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген Рақымбек Әміржанов өңірде ауыз су тапшылығын жоюдың жылдам әрі тиімді жолдарын ұсынады. Экс-шенеунік 2018 жылы басталған инвестициялық жобалардың бірі – Құрық, Жетібай және Шетпе ауылдарына арналған теңіз суын тұщыту қондырғысы жобасына атсалысқанын айтады. Бірақ аталған жоба кейін тоқтап қалған.

Рақымбек Әміржанов
Фото: Р. Әміржановтың жеке мұрағатынан

«Кезінде қызмет бабымен сумен қамтамасыз ету мәселелерімен де айналысуға тура келді. Сондықтан мәселенің ауқымын түсінемін. Менің ойымша, Ақтау қаласында су мәселесін шешудің оңтайлы және жылдам жолы – алдағы 2 жыл ішінде тәулігіне 24 мың текше метр суға арналған көлденең пленка тұщыту қондырғыларын орнату қажет. Кейін тағы дәл сондай жобаны іске қосса, Ақтаудың су мәселесі толық шешіледі», - дейді Рақымбек Әміржанов.

Рақымбек Маршалұлының пікірінше, Құрық, Жетібай және Шетпе ауылдарын сумен қамтамасыз ету үшін, бұрынғы аяқсыз қалған жобаны жүзеге асырып, Құрық ауылындағы теңіз жағалауында тәулігіне 50 мың текше метр су тұщыту қондырғысын салған абзал.

Біраз күннен бері Ақтауда күн көзі қайтып, тіпті жаңбыр да жауып жүр. Демек, судан да таршылық жоқ. Шілденің шіліңгір ыстығы басылды дегенмен, Ақтауда тамызда да аптап ыстық болуы қалыпты жағдай. Оған дейін құзырлы органдар уәде еткен құрылғылар іске қосылып, мәселе оңынан шешілсе игі. Тұрғындар содан үмітті. Ал әзірге мәселе жергілікті тұрғындардың бірі Александр Пястоловтың келесі әні сияқты әзіл-шыны аралас шығармаларға арқау болып отыр.

Соңғы жаңалықтар