Ақтаулық оқушы «Мектепке апарар қауіпсіз жол» жобасын әзірледі
АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтау қаласындағы нөмірі 23-мектептің 10-сынып оқушысы Аружан Қожаберді өзі оқитын мектептің айналасындағы қауіпті аймақтарды зерттеп, оларды жақсарту бойынша ұсыныс әзірлеп, арнайы жоба жасақтаған.

Аружан — жасөспірімдерге арналған әлеуметтік-көшбасшылық бағдарламасының қатысушысы. Ол қоғамға пайдасын тигізу мақсатында — «Safe Way to School» яғни «Мектепке апарар қауіпсіз жол» жобасын қолға алған.
— Жобаға шын ықыласыммен қарап, жауапкершілікті сезіндім. Бұл тек тапсырма емес, нақты өмірлік тәжірибе. Бұл жоба мен үшін маңызды. Себебі ол шынайы өмірмен байланысты проблеманы шешуге бағытталған. Біз балалардың күн сайын жолда қандай қауіппен бетпе-бет келетінін көріп жүрміз. Тротуар жоқ, көше жарығы жұмыс істемейді, жол белгілері жеткіліксіз, жүргізушілер жаяу жүргіншілерге мән бермейді. Осы жағдайлар кез келген баланың өміріне қауіп төндіреді, — дейді Аружан.
Аружан 26-шағын ауданда тұрады. Ол аталған мәселелерді зерттеп, дәлелдер жинаған. Алдымен көрші, сыныптастары мен достарынан сауалнама жинап, сұхбат жүргізген. Сол арқылы оқушылардың күнделікті көшеде қандай қауіп-қатерлермен бетпе-бет келетінін анықтаған.

— Одан кейін жолдың қай жерлерінде апат жиі болатын, жолда неге назар аудару керек екенін білу үшін өз шағын ауданымыздың учаскелік полиция қызметкерімен кездесу өткіздім. Содан соң, көше мен ондағы көліктерге зерттеу жүргіздім. Айналамдағы жол қозғалысын бақылап, қауіпті жерлерді картаға түсіріп, нақты мәселелерді белгілеп шықтым, — дейді оқушы.
Полиция қызметкері берген мәліметке сәйкес, Аружанның үйінен 500 метр жерде екі жыл ішінде 35 жол көлік оқиғасы тіркелген. Оқушы сол деректерді енгізіп, онлайн карта жасаған.
— Жобаны жүзеге асыру барысында шағын аудан аумағынан бірқатар маңызды мәселені байқадым. Әсіресе мектеп маңындағы жол өтпелері мен жаяу жүргіншілерге арналған белгілердің жетіспеушілігі, көлік қозғалысының көптігіне қарамастан бағдаршамның болмауы, балалар үшін қауіпті. Жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асыруы мен жаяу жүргіншілерге жол бермеуі сияқты заң бұзу да жиі кездеседі, — дейді ол.
Аружан Қожаберді мәселені шешуге қатысты нақты ұсыныстарын «Vision Zero» қағидасы бойынша жасап, фотосуреттермен толықтырған. Енді жобаны жергілікті құзырлы органдарға таныстыруды жоспарлап отыр.

— Мен адамдардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне бей-жай қарай алмаймын. Сол себепті, бұл жобаны қоғамға пайда әкелетіндей етіп жасадым. Осылайша тұрғындардың өмірін жақсартуға үлес қосқым келеді, — дейді оқушы.
Жобамен танысқан Аружанның сынып жетпекшісі Ақзира Құлжанқызы оқушының бастамасы — қоғамға пайдалы ұсыныс екенін айтады.
— Бұл зерттеу жұмысы тек мектеп үшін ғана емес, бүкіл қала үшін маңызды. Балалардың қауіпсіз жолмен мектепке жетуі — бәріміздің ортақ міндетіміз. Оқушы жобасын жауапкершілікпен жүргізіп келеді, нақты деректер мен ұсыныстар жинаған, — дейді мұғалім.
Бұған дейін, 14 жаста ең жас халықаралық гроссмейстер атанған Ақтаулық шахматшы Эдгар Мамедов туралы жазған болатынбыз.