Ақтаулық тұрғын Антарктидаға саяхат жасады

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтау қаласының тұрғыны Руслан Чуров бала күнгі арманына қол жеткізіп, жердің ең суық континентіне саяхат жасап келді. 10 күн бойы Антарктида болған саяхатшы әсерімен бөлісті.

Ақтаулық тұрғын Антарктидаға саяхат жасады
Фото: Руслан Чуров

— Антарктиданы, ондағы пингвиндерді табиғи ортасында көру мен үшін арман еді. Бірақ тағдыр күтпеген сый жасады. Ойламаған жерден ұсыныс түсіп, мен бірден келістім, — дейді Руслан.

Ақтаулық тұрғын Антарктидаға саяхат жасады
Фото: Руслан Чуров

Саяхатшының сапары 20 күнге созылған. Оның 10 күнін Аргентинада, қалғанын Антарктида өткізген. Руслан мұз құрсауындағы материкке бару үшін тыңғылықты дайындалғанын айтады. Бір-біріне сәйкес ұшақ рейстерін табудың өзі оңай болмапты. Ол алдымен Антарктиданың қақпасы саналатын Аргентинаның Ушуайя қаласына барған.

Ақтаулық тұрғын Антарктидаға саяхат жасады
Фото: Руслан Чуров

— Қазақстаннан Ушуайяға әдетте екі-үш күнде жетуге болады. Антарктидаға круиздер осы Ушуайя қаласы арқылы басталады. Дегенмен, мен Аргентинамен де танысу үшін саяхатымды ұзартуды жөн көрдім, — дейді саяхатшы.

Антарктидаға ол заманауи әрі, жайлы «Magellan Explorer» мұзжарғышымен жеткен. Айтуынша, круиздерінің құны 10-нан 16 мың долларға дейін, ал ұшу және тұру шығындары - шамамен 1,5-2 миллион теңге. Саяхатшы мұзды аймаққа аяқ басқанда өзін шытырман оқиғалы фильмнің кейіпкеріндей сезінгенін айтады.

Ақтаулық тұрғын Антарктидаға саяхат жасады
Фото: Руслан Чуров

— Мен карталар таусылып, мұздың сиқыры басталатын жерге бардым. Жер бетінің бір шетіне жетіп, аяғым мұзға тигенде ерекше сезімде болдым. Табиғаттың шеберлігіне қатты таң қалдым. Бір мезгілде бәрін таспалап та, үнсіз таңданыспен тұрғым да келді. Білесіз бе? Армандар шынымен орындалады! — деп ол қуанышымен бөлісті.

Руслан Чуров саяхат барысында қуанышты сезіммен қатар, қорқыныш болғанын да жасырмады. Өйткені, айналада қалың мұздан басқа ештеңе жоқ. Бірақ, жұп-жұбымен жүрген сүйкімді пингвиндер, қайықтан бірнеше метр жерде жүзген киттер, полярлық күн астында жарқыраған мұздықтар ұмытылмас әсер қалдырған.

Ақтаулық тұрғын Антарктидаға саяхат жасады
Фото: Руслан Чуров

— Бұл жәй ғана әдемі емес, бастапқы қалпында тұрған жаратылыс. Антарктиданы жердің «соңғы шекарасы» деп атайтынын енді түсіндім. Оны бағындыру мүмкін емес. Құпиясын ғана сезінесің және жүректе мәңгі із қалдырады, — дейді саяхатшы.

Бұған дейін, Антарктидада жаңа температура рекорды тіркелгені туралы жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар