Активтерді қайтару комиссиясының жұмысы неге көрінбейді – Бектенов жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында өзі жетекшілік ететін «Активтерді қайтару комиссиясының жұмысы неге көрінбейді?» деген сұраққа жауап берді.

− Заңда көзделген тәртіппен ақпаратты жариялап отырамыз. Мен Премьер-министр ретінде жетекшілік ететін активтерді қайтару жөніндегі комиссия заң субъектілерімен, яғни активтерді қайтарып жатқан тұлғалармен жалпы сомасы 900 миллиард теңгеге келісімдер жасасты. Нақты фамилиялар жарияланбайды, бұл заң талабы. Менің ойымша, бұл дұрыс. Себебі ірі бизнесменнің есімін мұндай контексте атау оның басқарып отырған немесе иелік ететін компаниясының беделіне нұқсан келтіреді. Ал біздегі көптеген жария компаниялар бар, олардың шетелдік серіктестері көп. Сондықтан, мұндай ақпаратты жариялау оң нәтиже бермейді, керісінше, отандық бизнесімізге теріс әсер етуі мүмкін, − деп түсіндірді О. Бектенов.
Премьердің айтуынша, олар заң аясында ел алдындағы міндеттемелерін орындайды. Өз кезегінде олардың Қазақстанда жұмыс істеп, инвестиция салып, Қазақстанды тұрақты орны ретінде қарастыруы үшін қолайлы жағдай жасау керек.
− Ал жұмыс тобы арқылы қайтарылған қаражаттар білім беру, денсаулық сақтау, ТКШ секілді әлеуметтік маңызы бар мақсаттарға бағытталады. Бұл ақпаратты біз тұрақты түрде ұсынып отырамыз. Мұнда ақпарат тапшылығы жоқ деп ойлаймын, − деді О. Бектенов.
Айта кетейік, жыл басынан бері қайтарылған активтердің 318,1 млрд теңгесі әлеуметтік жобаларға бөлінді.