Ақтөбе әкімдігі травматологтармен ынтымақтастық меморандумына қол қойды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеге АҚШ, Германия, Ресей, Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея елдерінің хирург, травматологтары келіп, төтенше жағдай, жол-көлік оқиғасы кезінде зардап шеккен науқасты емдеу жолдарын талқылад. Ақтөбе облысының әкімдігі мен шетел травматологтары ынтымақтастық меморандумына қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеде қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары ауруынан кейінгі үшінші орында жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендердің өлімі тұр. Медицина кластерін дамытуды қолға алған өңір бұл жолы шетелдік травматологтарды жинап, науқасты тасымалдау, ота жасау, емдеу, оңалту жолдары бойынша тәжірибе алмасты.
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрбір қазақстандықтың денсаулығына баса көңіл бөледі. Берілген тапсырмаға сәйкес өңірде халықтың денсаулығын жақсартып, ұзақ өмір сүруі үшін жұмыс істеп жатырмыз. Егер біз дүниежүзіндегі озық тәжірибелерді өзіміздің медицина саласына енгізсек, біздің жұмысымыз нәтижелі болады. Осы мақсатта Оңтүстік Корея, Түркия, Қытай, Ресей, Израиль елдеріндегі әріптестермен байланыс орнады. Мәселен, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жедел жәрдем станциясы еліміз бойынша Ақтөбеде алғаш рет салынып жатыр. Түрік инвесторлары қалаға 33 реанимобиль әкелді. Сонымен қатар, өңірде офтальмологиялық емхана құрылысы басталды. Балалардың стоматологиялық емханасы да бой көтеріп жатыр. Ал жаңа мөлтек ауданда емхана құрылысы жүргізіледі. Бәрі де мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салынады. Жалпы жоспар бойынша биыл барлығы 35 медициналық мекеменің құрылысын бастаймыз»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ақтөбеде медициналық кластерді дамыту мақсатында Оңтүстік Корея, Израиль, Ресеймен арада ынтымақтастық келісім орнады. Нәтижесінде өткен жылы өңірге өзге облыстар мен Өзбекстан, Ресейдің Орынбор облысынан барлығы 8 мың адам келіп, ем алған. «Өткен жылы Оңтүстік Корея елінің дәрігерлері мен жергілікті мамандар 25 бүйрек, 7 бауыр ауыстыру отасын жасады. Соңғы кезде бүйрек ауыстыру отасын ақтөбелік дәрігерлердің өздері жасап жүр. Сонымен қатар, өңірде жүрек-қан тамырлары ауруына 280 ота, эндопротездеу бойынша 500-ге жуық ота жасалды. Бір өкініштісі, кадр тапшы. Ауруханалардың жабдықталуы халықаралық талапқа сай келгенімен дәрігерлердің біліктілігі жоғары болмай жатады. Сондықтан Елбасына тапсырмасына сай дәрігерлерді оқуға жіберіп, үздіктерді тәжірибе алмасу үшін өңірге шақырамыз. Биыл жыл соңына дейін облыста травматология орталығы ашылады»,- деді Б.Сапарбаев.
Кездесу соңында облыс әкімдігі мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының халықтық ауруханасымен, Сент Луис университетінің ортопедиялық госпиталымен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.