Ақтөбе әкімдігі тұрақтандыру қорында қанша қант бар екенін айтты

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі тұрақтандыру қорында 200 тонна қант бар. Тағы 600 тонна қантқа тапсырыс берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе әкімдігі тұрақтандыру қорында қанша қант бар екенін айтты

Облыс әкімдігі сауда орындарына жедел мониторинг жүргізді. Үлкен базарлар мен сауда желілерін аралап, Ақтөбедегі азық-түліктің негізгі көтерме сатушыларымен келіссөздер жүргізілді. Көрші елдердің азаматтары тарапынан сұраныс байқалмайды.

«Қант тапшылығы туралы ақпараттың әлеуметтік желілерде таралуы жергілікті тұрғындар арасында дүрбелең тудырды. 11-12 наурыз күндері қаланың кейбір супермаркеттерінде жаппай сатып алушылар байқалды. Нәтижесінде сауда желілерінде қант сату көлемі 4 есеге өсті», - деп атап өтті облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов. Оның айтуынша, 12 наурызда қант бағасы көтерілген. Себебі өнімді жеткізушілердің сату бағасы өсті. Осылайша баға келісіне 295 теңгеден келісіне 352 болды (Анықтама: РФ-ның Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне астық пен қант экспортына уақытша тыйым салуының салдары).
Бұл ретте тұрақтандыру қорында 200 тонна қант бар. Қазіргі уақытта осы өнімнің бағасын тұрақтандыру үшін қосымша интервенция жүргізу туралы шешім қабылданып жатыр. Облыс әкімдігі бағаның негізсіз өсуіне әкелуі мүмкін жасанды дүрлелең жасамауға шақырады. Қаладағы екі ірі сауда желісінде шамамен 265 тонна қант бар. Тағы 10 вагон немесе 600 тонна қант жеткізіледі.

Еске салсақ, бқған дейін ҚР Сауда және интеграция министрлігі Қазақстанда азық-түлік өндірісі тоқтамайтынын және қорлар жүйелі негізде толықтырылып отырғанын айтып, халықты кезекті рет сабырға шақырды.