Ақтөбе әкімі Арыстағы үйлерді қалпына келтіру жұмысымен танысты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Түркістан өңіріне жұмыс сапарымен барды. Ол ақтөбеліктердің Арыстағы үйлерді қалай қалпына келтіріп жатқанын көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір басшысы Ақтөбе өңіріне бекітілген 12-секторда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Онда 765 тұрғын үй, 5 әлеуметтік нысан бар. Бүгінде 765 үйдің барлығы зерттеліп, тексеруден өткен. Бүлінген 472 тұрғын үйге акті жасалды.

«Оңдасын Оразалиннің бірінші орынбасары Рахат Сыдықовқа осы жұмыстардың қарқынды әрі сапалы жүруіне қатысты бірнеше тапсырма жүктелді. Әкім жұмысты қолға алған ақтөбелік мердігер мекемеге құрылысты уақытында аяқтау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, өңір басшысы оқиға кезінде қаза тапқан екі азаматтың отбасына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасты», - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Айта кетейік, техникалық тексеру кезінде бүлінген 472 үйдің үшеуіне снаряд түскен. Бұл үйлерде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Әрі О. Жәнібеков көшесіндегі 12 пәтер мен бір тұрғын үйдің шатыры ауыстырылады. Қазір 236 баспана толықтай қалпына келтірілді. Құрылыс жұмыстарына 58 жұмысшы және 7 арнайы техника жұмылдырылды. Тексеру кезінде 273 тұрғын үйге ешқандай залал келмегені белгілі болды.

Еске салсақ, Ақтөбе өңірі Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде көмек қолын созды. Сөйтіп «Парыз» қорының есепшотына 126 млн теңгеден астам қаржы аударылған. Оның ішінде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бөлген 50 миллион теңге бар.

Соңғы жаңалықтар