Ақтөбе әкімдігі қоқыс таситын көлікті сатып алуға 2 млрд теңге жұмсайды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Әр арнайы техниканың құны – 62 200 000 теңге. Әкімдік үш жылдық лизинг рәсімдеді.

Астанада 80-нен астам стихиялық қоқыс үйіндісі жойылды
Фото: Астана әкімдігі

Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйенсек, Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қоқыс таситын көлікке тапсырыс берді. Лизинг мерзімі – 36 ай. Барлығы 23 арнайы техниканың әрқайсысы – 62 200 000 теңге. Яғни 23 көлікке жұмсалатын қаржы 1 430 600 000 теңге болып тұр.

Лизингтің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 12,6 пайыздан аспауы тиіс. Сыйақы 541 266 800 теңге болады. Сонда үш жылда әкімдік 2 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсайды. Ақтөбе қаласы әкімдігі қарызды жылына бір рет өтейді.

Айта кетейік, әкімдік бірінші жылы 500 мың төлейді. Қалған екі жылдың әрқайсысында 985 683 400 теңгеден бөледі.

Сонымен бірге тағы 15 арнайы техниканы бір көзден сатып алды. Лизинг үш жылға жоспарланған. Арнайы техниканың әрқайсысы 30 700 000 теңге тұрса, жалпы құны 460 500 000 теңге деп есептелді. Оған пайыздық үстемеақысы қосылып, соңында әкімдік 635 069 000 бөледі.

Еске салсақ, Ақтөбе әкімдігі қаладан жағымсыз иіс шықпауы үшін 275 млн теңге жұмсайды. Қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталды. Мердігер жыл ішінде кәріз құдықтарына техникалық қызмет көрсетуі тиіс.