Ақтөбе археологтары қола дәуіріне жататын Жезді қаласында қазба жұмыстарын жүргізді
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе археологтары 2014 жылы басталған зерттеуден соң биыл қазба жұмыстарын жүргізді. Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарының шекарасындағы Жезді қаласы зерттеліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарының шекарасында Жезді қаласы бар. Қола дәуірінен бастап жаңа заманға дейін үздіксіз мекен болған қаланы зерттеу кезінде алдымен топографиялық жобасы түсірілді. Кейін барлау жұмыстары жүргізіліп, қола, орта ғасыр бұйымдары табылды. Жануарлардың сүйектері мен белбеудің доғасы, жапсырмалар қазып алынды.
«Ақтөбеде археологтар биыл Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтымен, Ресей ғылым академиясының Шығыстану институтымен бірге жұмыс істеді. Облыс орталығынан 400 шақырым қашықтықта қала орны бар. Жезді қаласы қола дәуірінен бастап жаңа заманға дейін үздіксіз мекен болған орын. Біз үшін Шалқар мен Байғанин ауданы ең алыс әрі зерттеуді қажет ететін аймаққа кіреді. Алдағы жылдары жұмыстар кезең-кезеңімен жүреді»,- деді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.
Жезді қаласында зерттеу жұмыстары әрі қарай жалғасады. Сонымен қатар, жергілікті жас ғалымдар мен археологтар Ақтөбе облысы аумағындағы ғұн-самрат кезеңіне жататын (б.д ІІ-V ғ.ғ) ескерткіштер жинағын дайындау жобасын қолға алды. Бұл кезең Ресейдің Орынбор, Челябі аймағында кең зерттелген. Мәліметтер бойынша Батыс Қазақстан аумағында да ғұн-самрат кезеңінің ескерткіштері кездесуі мүмкін.
«Космостан арнайы фотоға түсіріліп, Ойыл мен Қобда аудандарында зерттеу жүргізілді. Ойылда Ақбұлақ, Қобда ауданында Дербісалі қорымы бар. Ғұн-самрат кезеңінің немесе халықаралық ұлы қоныс аудару дәуірінің ел тарихында өзіндік орны. Антикалық авторлар ғұн тайпаларының негізгі тобының Батыс Қазақстанда орналасқанын анықтады. Бұл кезең әлі де зерттеуді қажет етеді»,- деді Мейрам Дүйсенғали. Нәтижесінде ғұн-сармат дәуірінің жинағын шығарып, топографиялық жобасы дайындалады, бейнеролик жасалады.
Айта кетейік, жыл сайын өтетін «Марғұлан оқулары» ғылыми-практикалық конференциясы келер жылы Ақтөбеде өтеді деп жоспарланған.