«Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағында қолға алынатын кәсіп түрлері белгілі болды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағы құрылып, онда 38 кәсіп түрі қолға алынады. Құжат Ашық НҚА порталына жарияланып, талқылауға шығарылды.

СЭЗ Jibek Joly
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Ашық НҚА порталында арнайы экономикалық аймақтағы қызметтердің басым бағыттары көрсетілген. Онда тоқыма материалдарын, киімдер өндіру, түрлі құрылыс материалдарын және электрондық техника шығару бағыты бар. Сонымен бірге ұшақ, автомобиль және мотоцикл қозғалтқыштарынан басқа қозғалтқыштар мен турбиналарды, гидравликалық және пневматикалық жабдықтарды, автомобильдерге арналған электрондық жабдықтарды өндіру қызметі тізімге енген. Әуе және ғарыштық ұшу аппараттарын жөндеу және техникалық қызмет көрсету, жүк әуе көлігінің қызметі, жүк сақтау және қоймалау, құрлық көлігінің көмекші қызметі секілді бірнеше сала қамтылған. «Арнайы экономикалық аймақтар аумағында жүзеге асырылатын қызметтің басым түрлерінің тізбесін және Арнайы экономикалық аймақтар бөлінісінде қызметтің басым түрлерінің тізбесін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрық 5 наурызға дейін талқылауда болады. 

Бұған дейін Ақтөбе халықаралық әуежайының жанынан 858 гектар жер арнайы экономикалық аймаққа берілетіні белгілі болды. Сонымен бірге Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Ақтөбе арнайы экономикалық аймағын құру туралы Үкімет қаулысының жобасын жариялады. 

Соңғы жаңалықтар