«Ақтөбе» «Атырауды» ірі есеппен жеңді

Ақтөбелік клуб өз алаңында «Атырау» командасын қабылдады. Кездесу барысында олар тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Қарсылас команда қақпасы маңында жиі шабуыл ұйымдастырды. Оған атыраулық қорғаушылар лайықты төтеп берді.
Десе де, ойынның 40-минутында «Ақтөбе» ойыншысы Лука Гадрани есеп ашып кетті.
Екінші кезеңде де алаң иелерінің басымдығы байқалып тұрды. Тағы да гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Ойынның 81, 89-минутында ақтөбелік клубтан Арман Кеңесов екі гол соқса, Ескендік Қыбырай 94-минутта қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша «Ақтөбе» қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.
Аталған турда бүгін «Қызылжар» сырт алаңда «Ақсудан» 2:0 есебімен жеңіп, қатарынан алты мәрте жеңіске жетті. Сол арқылы турнир кестесіндегі бірінші орнын сақтап қалды.
Еске салсақ, 15 сәуірде «Қайсар» «Жетісудан» 2:0 есебімен басым түссе, «Каспий» «Оқжетпесті» 2:1, «Шахтер» «Мақтаралды» 3:0 есебімен жеңді.