Ақтөбе әуежайын комиссия қайта тексеріп жатыр

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе әуежайын комиссия қайта тексеріп жатыр. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыстық қоғамдық комиссия мүшелері, БАҚ өкілдерімен кездесуінде ертеңнен бастап әуежайда жұмыс қайта жандануы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе әуежайы 17 наурыз күні жабылды. Содан бері жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалин ертең-ақ қайта іске қосылуы мүмкін екенін айтты.

«Бір аптаның ішінде кемшілікті жоюға уәде бердім. Кеше жұмыс толық аяқталды. Инспекция келіп, бүгін жұмыс жүргізіп жатыр. Егер қорытындысы оң болса, аэропорт іске қосылады. Қазір біз оның жауабын күтіп отырмыз. Жай бұқара зардап шекпеуі керек. Сонау Орал, Атырау арқылы келу шығын, оңай емес. Сондықтан кемшілікті неғұрлым тез жойып, іске қосуымыз керек», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Оның айтуынша, әуежай 2019 жылы жергілікті әкімдікке берілді. 2016, 2017, 2018 жылдары әуежайда табыстан гөрі шығыны көп болса, 2019 жылдан бастап кіріс түсті. Статистикаға сүйенсек, 2016 жылы небары 12 плита ауыстырылды. 2017 жылы мүлде жаңармады. Ал 2018 жылы 48, 2019 жылы 72 бетон төсем ауысты.

«Жүк тасымалы көбейген соң былтыр біз талдау жүргіздік. Нәтижесінде осы жылдың қыркүйек айына дейін жөндеуге рұқсат берілді. Үлгереміз деп жүрген уақытта биыл аяқ астынан тексеру жүргізді. Аэропорт жабылып қалды. Қыркүйек айын күтпей ертерек келгені бәрімізге де ауыр түсті. Өзім тікелей бақылауымда ұстап отырмын. Бұл жұмыс біріншіден қауіпсіздік үшін керек. Жазымен тағы да жұмысты жалғастырамыз. Кемінде 500-ге жуық плита ауыстырылуы керек. Бұл 2-3 ай мерзімді талап етеді», - деді Оңдасын Оразалин.


Соңғы жаңалықтар