Ақтөбе білім басқармасы оқушыға зорлық көрсету дерегіне қатысты түсінік берді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан оқушыға зорлық көрсету дерегіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, істі қазір облыстық полиция департаменті №3 қалалық полиция бөлімінің тергеу тобы тергеп жатыр.

Облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан осы іске қатысты түсінік берді.

«Биыл 29 наурыз күні Ақтөбе қаласындағы орта мектептің 1-класс оқушысы А.А-ның анасы А.Д жоғары класс оқушылары баласының құлағын тартып, саусағын қайырып, қорқытқаны жөнінде директорға шағым айтқан. Оқиғаның мән-жайын анықтау барысында бала өзіне тиіскен оқушылардың кім екенін анықтап айта алмаған. Мектеп басшылығына шағыммен барған ата-ана зорлық дерегі туралы мүлдем айтпаған. Дегенмен 2021 жылдың 31 наурызы күні баланың анасы Ақтөбе қаласындағы №3 полиция бөліміне арызданып, жоғарғы класс оқушыларының баласына азғындық әрекет жасағанын баяндаған. Мектеп әкімшілігі бұл туралы полиция бөлімінде естіді. Сонымен қатар полиция бөліміне шақырылған педагогтардың барлығы құпияны сақтайтыны жөнінде қолхат береді. Арыз бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сот-медициналық сараптама тағайындалады. Алғашқы сараптаманың қорытындысы бойынша зорлық фактісі анықталмаған. Кейін баланың ауру тарихы бойынша қосымша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Қорытындысы әлі шыққан жоқ», - деді Жолдас Батырхан.

Оның айтуынша, мектептің 3 оқушысы күдікті ретінде тергеуге алынды.

«Баланың ата-анасы жеке психологқа жүгінетінін алға тартып, мектеп психологының қызметінен бас тартқан. Ата-ана менің жеке қабылдауымда болды. Бала ата-ананың өтінішімен қашықтан оқуға ауыстырылды. Тергеу амалдары аяқталып, аталған факт толық дәлелденгеннен кейін ғана мектеп әкімшілігіне қатысты шара қолданылады. Мәселе облыс әкімінің тікелей бақылауында. Егер дерек расталса, мектеп әкімшілігі мен қызметкерлер жұмысының олқылығы анықталса, қатаң шешім қабылданады. Олардың жұмыс істеуіне моральдық тұрғыда құқығы болмайды», - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.

Айтып өтейік, оқиға болған мектептегі 2 бейнекамера 17 наурыздан бастап істен шыққан.

Техникалық қызмет көрсетуші жеке кәсіпкер қатты дискілерді жөндеуге алып кеткен.

Маусым айынан бастап бейнекамералар іске қосылды.

Облыстық білім басқармасының хабарлауынша, қазіргі кезде облыстағы 405 мектептің барлығында камера бар. Бәрі толық жұмыс істеп тұр.


Соңғы жаңалықтар