Ақтөбе экологтері бірнеше күннен бері газ иісінің қайдан шыққанын анықтай алмай жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласының шағын аудандары мен тұрғын алабында газ иісі шығып тұр. Экологтер бірнеше күн бойы рейд жүргізгенімен, қайдан шыққаны анықталмады.

экология, выбросы
Фото: Павлодар облысының әкімдігі

Ақтөбе қаласында апта басынан бері газ иісі шығып тұр. Тұрғындар әлеуметтік желі арқылы ғана емес, экологтерге де шағым түсіріп жатыр. Облыстық экология департаментінің мамандары бірнеше күн бой түнде де, күндіз де арнайы құрылғымен өлшеді. Аппарат ештеңені анықтамады.

- Бірер күннен бері күндіз де, түнде де өлшем жасалып жатыр. Алтын орда, Тұрғындар қалашығы, 8-шағын ауданы мен қалаға кіреберістегі 41-разьезде де өлшем жасалды. Газ иісін сеземіз, бірақ арнайы құрылғылар ештеңені анықтамады. Тіпті «QazaqGaz Aimaq» АҚ-на хабарласып, біз білмейтін бір жерден газ шығып жатқан шығар деп айттық. Алайда компания оны жоққа шығарды. Бүгін экологтер, газ таратушылармен бірге өлшем жасады. Онда да ештеңе табылмады. Департаментте газоанализатор құрылғысы бар, бәрі істеп тұр. Бүгін иіс азайып тұр. Шағым болса бақылауды жалғастыра береміз,- деді Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Талап Ұснадин.

Айта кетейік, экологтер Атырау мұнай өңдеу зауытына күкіртсутек деңгейінің артуына байланысты тексеріс жүргізеді. Бұған 25 қаңтарда Атыраудағы бірқатар елді мекен аумағында күкіртсутектің шекті нормадан асып кетуі себеп болып отыр.

 

Соңғы жаңалықтар