«Ақтөбе» футбол клубының ойыншылары мүгедек балалармен жолдастық кездесу өткізді

 АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін аудандардағы футбол клубының тәрбиеленушілері мен мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ерекше күн. Олар «Ақтөбе» футбол клубымен жолдастық кездесу өткізіп, жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе» футбол клубының ойыншылары мүгедек балалармен жолдастық кездесу өткізді

 Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы орталық стадион бүгін әр көрермені мен жанкүйерін тегін қабылдады. «Ақтөбе» футбол клубының ойыншылары қайырымдылық шарасын өткізіп, аудандардағы футбол орталығының ойыншыларымен, дамуы тежелген балалармен, балалар үйінің тәрбиеленушілерімен жолдастық кездесу өткізді.

«Футболды бала кезімнен ойнаймын. Арманымның бірі «Ақтөбе» футбол клубымен ойнап, шеберлігімізді сынау еді. Бүгін сол арманымыз орындалды. Екі ай бойы дайындалып, бар күшімізбен ойнадық. Ал бұған дейін біз «Ақтөбенің» ойындарына қатысып, жанкүйер болып, қолдауға келетін едік»,- деді Жайсаң арнайы колледжінің студенті Арман Батырбек.

null

«Ақтөбе» футбол клубына биыл 50 жыл толады. Жастарды тәрбиелеу, балаларды спортқа баулуға арналған жолдастық кездесу еліміз бойынша алғаш рет Ақтөбеде ұйымдастырылып отыр. Кәсіби футболшылар бір мезетте 50 балаға қарсы ойнап, олардың алаңда еркін қимылдауына жағдай жасап берді.

«Балалармен ойнау өте қызықты болды. Олар бізге қонаққа келіп, кездесу өткеніне қуанды, ал біз соңымыздан ерген балалардың футболға қызығатынын, ел намысын қорғайтын жастардың тәрбиеленіп жатқанын көрдік. Балалар мерекесі күні оларға осындай қуаныш сыйлағанымыз үшін біз де ерекше ықыласқа бөлендік»,- деді «Ақтөбе» ФК ойыншысы Самат Отарбаев.

Бүгін кәсіби футболшыларға қарсы жолдастық кездесуге Жайсаң балалар үйінің тәрбиеленушілері, №7 арнаулы түзету мектебінің оқушылары мен есту қабілеті нашар балалар қатысты. Кейін балғындар өздерінің сүйікті ойыншыларымен суретке түсті.

«Мен №7 арнайы мектепте оқимын. Бүгін мен алаңда шабуылшы болдым. Ойын өте қызықты өтті. Стадион үлкен екен. Жанкүйерлер балаларға үлкен қолдау көрсетті. Қуаныштымыз»,- деді жас футболшы Әлихан Әлкен.

Салауатты өмір салтына шақырып, тәрбие беретін кездесу кезінде балалар жеңіске жетті. Есеп: 3:2. Осылайша «Ақтөбе» командасының футболшылары кішкентай жанкүйерлеріне ұмытылмас сый жасады. 

null