«Ақтөбе» футбол командасы жаңа ойыншылармен толығуы мүмкін
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Ақтөбе» футбол клубы турнир кестесінің соңында тұр. Қазақстан чемпионатындағы 12 турдан кейін бар болғаны 6 гол соққан ойыншыларға сенім аз. Сондықтан клуб басшылығы 13 шілде күні ашылатын кезекті трансферді күтіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін «Ақтөбе» клубының бас директоры Мақсат Тюмалиев алғашқы айналымды қорытындылап, атқарған жұмысын тізбектеп берді.
«Жаңа маусымға ойыншыларды жинаған кезде жергілікті футболшыларды клубқа қайтару міндеті жүктелді. Клубқа Антон Шурыгин мен Абылайхан Тотай қосылды. Біз екі аптада команда жасақтап, көптеген қиындыққа тап болдық. Ойыншылардың көбі келісім шарт жасап қойған. Тіпті легионерлер арасында таңдау жасап, оларды клубқа шақыру қиынға соқты. Енді 12 маусым күні ашылатын кезекті трансферді күтіп отырмыз. Ал бас бапкерді таңдаған кезде ойыншылар мен бапкер арасында тілдік кедергі болмайтындай ету қажет. Себебі, клуб нәтижені жақсартуы керек. Ал бізде күтіп отыратын уақыт жоқ», - деді «Ақтөбе» ФК бас директоры Мақсат Тюмалиев.
«Ақтөбе» футбол командасының көрсеткіші күрт төмендегенімен, жанкүйерлердің сенімі жоғары. Өткен жылы 10 турда 3 мыңнан астам билет сатылса, биыл 5 мыңнан астам билет өтіпті. Ал клуб картасын 2800 адам алған. Өткен жылы картаны бар болғаны 50 адам қолданған. Сонымен қатар, жыл басынан бері клуб 3 миллион теңгеден астам табыс түсірді.
«Ақтөбе» футбол клубы жаңа ойыншылармен толығып, нәтижесі төмен футболшылармен қоштасады. Бізге көшбасшылар керек. Ал бас бапкердің кім болатыны алдағы күндері анықталады. Қазір келіссөздер жүріп жатыр»,- деді М.Тюмалиев.