Ақтөбе: Гүлшара Әбдіқалықова су тасқынынан зардап шеккендерге салынған үйлерде болды
Ақтөбе облысында «Туған жер» республикалық форумы өтіп жатыр. Бұған дейін хабалағанымыздай, әлемнің 20 елінен 300 ақтөбелік келіп, олар 5 миллиард теңгенің әлеуметтік жобасына қолдау білдіретінін жеткізді.
Форумға қатысқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова көктемгі су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасылармен кездесіп, құрылыспен танысты. Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Ақтөбе қаласы маңындағы 107 жер телімінде құрылыс жүріп жатыр. Құрылыс материалдары «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қорының қаржыландыруымен сатып алынды. Жергілікті коммуналдық кәсіпорындар электр қуатымен, сумен және газбен қамтамасыз етті. Ал еріктілер құрылыс кезінде көмек көрсетті. Сонымен қатар, 20 отбасыға облыс аудандарынан, демеушілер мен жұмыс берушілерден пәтерлер мен тұрғын үй сыйға тарту етілді. ҰОС мүгедегі мен бюджеттік сала қызметкеріне берілетін жеңілдіктерге теңестірілген тағы екі отбасыға шағын отбасылы жатақханадан қайтарымсыз негізде пәтерлер берілді.
«Барлығы 6 ай ішінде «Қолғанат Ақтөбе» қоғамдық қоры арқылы 800 отбасыға жалпы сомасы 185 миллион теңгеге көмек көрсетілді. Қаржы үйлерді жөндеуге, жаңа үйлердің құрылысына жұмсалды. Жылу қазандықтары мен тұрмыстық техникалар алынды»,- деп хабарлады облыс әкімің баспасөз қызметінен.
Еске салсақ, көктемгі тасқын салдарынан 907 үй су астында қалды. Барлығы 110 үй қирады, 700-ден астам үй жөндеуді қажет етті.