Ақтөбе-Хромтау бағытындағы қақырап тұрған автобус жолаушылардың ашуын туғызды
Ақтөбе-Хромтау бағытындағы автобустың күйі жолаушылардың ашуын туғызды. Мұндағы қоғамдық көліктердің бәрі дерлік 30 жылдан астам уақыт бойы жаңартылмаған, деп хабарлайды Kazinform.
Ақтөбе – Хромтау бағытындағы автобустардың қазіргі күйі әлеуметтік желі арқылы тарап кетті. Онда автобустың артқы бөлігіндегі ойық пен жарықтың жолаушылар өмірі үшін қауіпті екені көрсетілген. Бұл «Керуен» ЖШС-іне тиесілі автобус. 10 жыл бойы осы бағытқа қызмет көрсетіп жүрген компания автобусы ескі, тіпті қолданысқа берілгеніне 30 жылдан асып кеткен.
- Облыста аудандарға 11 бағыт бойынша жолаушылар тасымалы ұйымдастырылған. Ақтөбеден Хромтау, Қобда, Мәртөк, Алға бағыттары бар. Хромтау бағытында қиын жағдай туындап тұр. Жауапты «Керуен» компаниясында автобустары ескірген. Негізі келісімшарт 2013 жылы жасалған. 10 жыл болды. Ал автобустары 90-шы жылғы. Ескі автобустар болған соң ол шарт талаптарын орындай алмай отыр. Күнделікті 10-12 рейс жасау керек болса, ол күніне 3-6 рейс қана шыққан. Сондықтан биыл тамыз айында «Қала транс» ЖШС-і шақырылып, олар қосымша 5 автобусты желіге шығарды. Өкінішке қарай жол нашар, әкелген автобустар да ескі. Жиі-жиі жолда бұзылып қалады,- деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Есбол Базарғалиев.
Оның айтуынша, «Қала транс» ЖШС-імен қайта кездесіп, тағы қосымша автобустар шығаруға келісім жүрді. Әрі жаңа автобус болмағанымен, жағдайы жақсы болуы тиіс деп талап қойылды.
- «Керуен» ЖШС-і автобустардың бәрін 1989-1990 жылдары алған. 8 автобусы ғана бар. Видеоны көрдік. Күнделікті рейске шыққанда техникалық байқауды механик жүргізеді. Ал жүргізушіні медицина қызметкерлері тексеруі тиіс. Бұл күні «Volvo» автобусы шыққан. Оған шара қолданамыз. Жалпы «Керуен» ЖШС-і Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы автобус алуға бір жыл бұрын сұраныс беріп қойды. Қазір қаралып жатыр. «Ақтөбе» ӘКК-і арқылы кепілдік алса, 10 автобус сатып алады,- деді Ақтөбе облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Есбол Базарғалиев. Автобустың жарамдылығын тексеруге қатысты облыстық ПД баспасөз қызметінен де сұрадық. «Мекеме механигі рейске шығар алдында тексеруі керек»,- деді бастасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
View this post on Instagram