Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы аудитке жалған ақпарат бергені үшін жазаланды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Латып Әліби алғашында есепшісін тексеру туралы өтініш жасап, кейін ол ойынан айнып қалды. Ал тексеру жүргізген аудиторлар есепшінің өзіне артық сыйақы аударып алғанын анықтады.

аудит
Фото: freepik

Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Қият Жұмабаевтің хабарлауынша, 2021-2024 жылдар аралығына тексеру жүргізілді. Нәтижесінде есепші өзіне 3 млн 585 мың теңге сыйақыны, 136 мың теңге еңбекке уақытша қабілетсіздігі бойынша әлеуметтік жәрдемақыны артық аударғаны анықталды. Сонымен бірге Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Латып Әліби аудиторларға алдын ала өзге, тексеру кезінде өзге құжат бергені анықталды. 

- Аудит барысында сыйақы беру туралы бұйрықтардың қосымшалары бір-біріне сәйкес келмейтін екі нұсқада ұсынылды. Барлығы 14, 5 млн теңгеге рәсімдік бұзушылықтар анықталды. Аудитке жалған ақпарат ұсынғаны үшін мекеме басшысы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 462 бабы 1 тармағына сәйкес әкімшілік жауапқа тартылды. Аудит барысында мекеменің есепшісі 3,7 млн теңгені бюджетке қайтарды,- деп хабарлады Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Қият Жұмабаев. 

Сот кабинетіндегі іс материалына сүйенсек, Әліби Латып аудиторлық тексеріс өзінің берген шағымы негізінде өткізілгенін, соның барысында ұсынылған құжаттар екі нұсқада берілгенін, оны қадағаламағанын мойындаған. Сот қаулысымен Әліби Латыпқа 258 440 теңге айыппұл салынып, өндірілді. 

Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Сәкен Қасымовтың айтуынша, бөлім басшысы ЭЦҚ өзгеге беруге болмайтынын біле тұра қателік жіберген. 

- Білім саласындағы бұзушылықтар ЭЦҚ есепшіге бергеннен болып жатыр. Бұл туралы семинар өтті, оған Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Әліби Латып та қатысты. Біле тұра солай жасап тұр,- деді Сәкен Қасымов. 

Еске салсақ, Ақтөбе қаласындағы №55 орта мектеп-гимназиясының директоры сотталды. Ол есепшіге электронды цифрлық қолтаңбасын беріп, мұғалімдерге артық жалақы аударып отырған. Сот директорды 3 жылға бас бостандығынан айырды. 

Соңғы жаңалықтар