Ақтөбе қаласы мен 8 ауданда мұз жару жұмыстары басталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында биыл тасқын қаупі жоғары. Төтенше жағдайлар қызметі мен әкімдік қала мен аудандарда мұз жару жұмыстарын өткізді.

Ақтөбе облысында су басу қаупі бар 58 елдімекен болса, сол ауылдар орналасқан аудандардың бәрінде мұз жару жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе Ақтөбе қаласында қауіп жоғары.

- Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында мұз кептелісінің алдын алу үшін Елек өзенінде мұз жару жұмысы жүргізілді. Аумағы 5 мың шаршы метрде мұз жарылады. Дәл осы жұмыс Ақтөбе қаласы мен 8 ауданда жүреді. Қазгидрометтің мәліметіне сүйенсек, Ақтөбе қаласы, Мұғалжар, Мәртөк, Қобда аудандарында қар былғырғымен салыстырғанда 1,5-2 есе көп. Сонымен бірге жердегі тоңның қалыңдығы 120 см құрап отыр. Осыған байланысты ТЖД мен жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, алдын алу дайындықтарына кірісті. 2600-ден астам адам, 800-ден астам техника, 100-ден астам жүзу құралы бар. Ақтөбе облысына Қызылорда мен Маңғыстаудан күш құралдары келеді,- деді Ақтөбе облыстық ТЖД бастығының орынбасары Айбат Жаңабергенов.

Айта кетейік, қазіргі кезде Ақтөбе қаласында арықтарды тазарту жұмыстарына әскери бөлім сарбаздары жұмылдырылды. Ақтөбе қаласында 80 саяжай ұжымында қауіп бар. Олар үшін 16 уақытша орналастыру пункті дайындалады.
Сонымен бірге аудан әкімдіктері қайық пен құм толтыруға арналған қап сатып алып жатыр.


