Ақтөбе қаласында еріген қар суын тәулік бойы сорып жатыр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбе қаласында еріген қар суын соруға 150-ге жуық ассенизатор жұмылдырылды. Бүгінде 104 мың текше метр су сорылды.

Соңғы аптада мердігерлер су сору жұмысын екі ауысыммен жүргізіп жатыр. Олар Ахуалдық орталықтың 109 нөміріне және су тасқынына қарсы штабқа түскен өтінішті қабылдайды. Кейін қажетіне қарай ассенизатор жібереді, құм тасымалдайды. Сонымен бірге жиналған суды ағызып жіберу үшін арнайы техника жібереді.
— Қала бойынша 150-ге жуық ассенизатор тартылды. Бүгінгі күнге 104 458 текше метр еріген қар суы сорылды. Су көп жиналатын жерлерге мотосорғы қойылып жатыр. Ассенизатор жүре алмайтын учаскелерге су айдау техникасы жіберілуде. 80-нен астам ауыр техника бар. Олар бульдозер, кран, экскаватор, тиегіштер, жүк тасымалдағыштар. Мердігерлер 109 қызметінен өтініштерді қабылдап алады. WhatsApp-та ортақ чат ашылып, операторлар тұрғындардан түскен өтінішті жіберіп отыр. Өтінімдер тәулік бойы қабылданады. Техника барлық мекенжайға барады. Ассенизатор көліктерінде GPS трекингі бар. Олардың қай жерде екені тексеріліп отырады. Сондықтан олар өз учаскелеріндегі жұмысты аяқтамай кетпейді, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.

Талап бойынша пәтер иелері кооперативі, мүлік иелері бірлестігі көппәтерлі үйлердің ауласындағы қарды жинап, су айдауды ұйымдастыруы керек. Бизнес нысандарының иелеріне де осы талап қойылған.
— Бүгінгі таңда қаланың су басу қаупі бар аудандарынан қар шығарылды. Қазір бірқатар көшеде қалған қар шығарылып жатыр. Жалпы 655 мың текше метр қар шығарылды. Қар өнеркәсіптік аймақта құрылған полигонға тасылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарға 420 самосвал және жүк тиегіштер тартылды. Негізгі күш қаланың су басу қаупі бар Мәскеу, Құрмыш, Сүт зауыты, Шанхай аудандарына бағытталды. Одан бөлек, қаланың ішіндегі және тұрғын алаптардағы арық жүйелерін қардан тазарту, судың бағытын бұру жұмыстары жүрді. Қалада ұзындығы 55 шақырым болатын суағар, канал жүйесі бар. Тазартуға екі аудан бойынша 7 мердігер ұйым жұмылдырылды. Яғни 230 жұмысшы, әскери бөлімдердің 400 сарбазы мен әскери институттың 140 курсанты тартылды. Құм толтырылған қаптар дайындалып, өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілді, — деді Айгүл Байменова.
Ақтөбе қаласында қауіпті аймақты көбіне бау-бақша ұжымдары тұр. Басым бөлігі Алматы ауданында орналасқан. Атап айтқанда Ақшат, Қызылжар, Қурайлы, Есет батыр тұрғын алаптары мен Зеленстрой, Песчанка, Гидрогеолог бау-бақша ұжымдарында арнайы техника еріген қар суының бағытын бұру, су арналарын тазалау, өзен жағасында орналасқан үйлердің аумағына бөгет жасау, жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
— Астана ауданындағы шаруаларға Т. Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанттары мен № 3020038 әскери бөлімінің сарбаздары жұмылдырылды. Бұл ауданда ұзындығы 33 мың метр ашық және жабық суағар бар. Сондай-ақ АЗФ-1,4,5, АЗХС-4,5 және ТЭЦ-2 бау-бақша ұжымдарында қар шығару жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Жаңақоныс, Құрашасай, Сазды тұрғын алаптары аумағында судың бағытын бұру жұмыстары жалғасып жатыр, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы.
Еске салсақ, кеше Ойылда уақытша өткел бұзылды. Қазір адамдар қайықпен қатынас жатыр. Қайықпен тасымалдау сағат 8:00–19:00 аралығында жүргізіледі.