Ақтөбе қаласында құны 53,5 млрд теңгеге кәріз тазарту қондырғысы салынады

Ақтөбе
Фото: Kazinform

Ақтөбе қаласында жаңа кәріз тазарту қондырғысын салуға Еуропа қайта құру және даму банкінен қаражат тартылады, деп хабарлайды Kazinform. 

Бұл туралы облыс басшысы Асхат Шахаров орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.

«Мемлекет басшысы жуырда Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында экология саласындағы өзекті мәселелерді шешу бағытында бірқатар тапсырма берді. Бұл мәселені шешу мақсатында жол картасы әзірленді. Оны дайындауға азаматтық қоғам өкілдері, тәуелсіз сарапшылар мен уәкілетті мемлекеттік органдар тартылды. Құжат өзекті экологиялық мәселелерді қамтиды. Бұл бағыт бойынша алдағы үш жылда тиімді шаралар қабылданады», - деді Асхат Шахаров.

Әкімнің айтуынша, Ақтөбе қаласындағы кәріз тазарту жүйесі 80 пайыз тозған.

«Облыс орталығында жаңадан тазарту қондырғылары салынады. Жалпы құны 53,5 млрд теңге болатын жобаны Еуропа қайта құру және даму банкі қаржыландырады. Бүгінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары келесі жылы басталады деген жоспар бар», - дейді облыс әкімі.

Соңғы жаңалықтар