Ақтөбе қаласында шыбын-шіркей қаптап кетті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қала тұрғындары ұсақ шыбынның қаптап кеткенін айтып, шағым түсіріп жатыр. Ал әкімдік улау жұмысына 44 млн теңге бөлді. 

Ақтөбе қаласында шыбын-шіркей қаптап кетті
Фото: za_aktobe/instagram.com

Ақтөбе қаласында маса мен түрлі шыбын-шіркей, кеміргіштен улау жұмысы мамыр айында бастады. Әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Алайда қала көшелерінде, тұрғын үй аулаларында ұсақ шыбын қаптап кетті. 

— Мердігер жұмысты 4 мамырдан бастады. Содан бері дезинсекция және дератизация жұмыстары жүріп жатыр. Жаз айында 4 мың гектардан астам аумақта 8 рет улау жұмысы істелді. Екі рет кеміргіштерге қарсы улау жұмысы жүргізілді. Бұл 175 га аумақты қамтыды. Сонымен бірге тұрғын алаптар, қала көшелері мен саябақ, аллеялардағы жасыл желекке арнайы у шашылды. Жасыл желекті улау жұмысы 1700-ден астам гектарды қамтыды, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Улау жұмысы кезіне трактор, арнайы бүріккіш, су таситын көлік, дрон да қолданылған.

— Жаңбыр жауып, артынан күн ысығанда ылғал көтеріліп, шыбын-шіркей көбейіп тұр. Сонымен бірге улау жұмысы кезінде олардың көшуі байқалады. Қазіргі кезде Алматы және Астана ауданының әкімдіктері мердігерлермен бірге көшелерге, белгілі бір аумақтарға мониторинг жүргізіп жатыр. Мониторингтен кейін қосымша улау жұмысы жүргізіледі. Әсіресе адам көп жүретін жерге басымдық беріледі, — деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін ғалым Павлодардың кейбір ауылдарында шыбын-шіркейдің не себепті қаптап кеткенін түсіндірді. Оның айтуынша, шыбын-шіркейдің барлығын жойып жіберу деген ұғым болмауы керек.

Олардың популяциясын жою мүмкін болғанның өзінде жәндіктердің орнына басқа қансорғыштар келер еді.  

Соңғы жаңалықтар