Ақтөбе қаласында су сору жұмыстары жүріп жатыр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе қаласында су сору жұмыстары жүріп жатыр. Бір тәулікте Алматы ауданы бойынша 300-ден астам өтініш түсті.

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе қаласы бойынша су тасқынына қарсы штаб жұмыс істеп жатыр. Кешеден бері Есет батыр тұрғын алабының 2-ықшам ауданында қатынас қиындады.

- Есет батыр тұрғын алабы 2-ықшам ауданы маңына кешеден бері су жиналып жатыр. Кеше бір ғана жерден 1800 текше метр су сорылды. Қазір де мотопомпа қосылып, ассенизаторлар жүр. Су жинайтын жерасты өткізу арнасы қатып тұр. Еріп, су жүріп кетсе, проблема шешіледі,- Ақтөбе қалалық ТЖБ бастығы Азамат Нагимов.

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбенің Алматы ауданында барлығы 44 тұрғын алабы бар. Кеше тұрғындардан 300-ден астам шақырту түсті.

- Барлық тұрғын алапқа мамандар бекітілді. Олар шақыртуға барып, алдын ала қарайды. Расымен қауіп төнсе, құм төселіп, арнайы техника жіберіледі. Бізге Заречный, Есет батыр, Өрлеу, Қурайлы, Ақжар-1, Ақжар-2, Пригородныйдан көмек сұрады. Су іргетасына көтерілгенімен, ешкімнің үйіне кірмеді,- деді Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі Асланбек Шүйіншалиев.

Ақтөбе
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе облыстық ТЖД-і «Қазгидромет» РМК АОФ мәліметтеріне сүйеніп, 25-28 наурыз күндері күндіз жаңбыр жауатынын хабарлады. Ауа температурасы орта есеппен 0-2 градус суық, күндіз +3+5 градус жылы болады. Ал​ 29 наурызда көшпелі бұлт болып, түнде қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады.

Соңғы жаңалықтар