Ақтөбе қаласында тасқынға қарсы күрес жұмыстарына 600 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қыс айларында облыс орталығында 364 мың текше метр қар шығарылды. Қазіргі кезде арықтар мен каналдар қар мен мұздан тазартылып жатыр.

Ақтөбе қаласында тасқынға қарсы күрес жұмыстарына 600 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбе облысы аумағында көктемгі су тасқынына қарсы күрес жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта көшедегі қар шығарылып жатыр.

— Ақтөбе қаласындағы Мәскеу, Қалалық сүт зауыты, Малышка, Шанхай, Құрмыш аудандары мен қаланың ескі бөлігінен қар шығарылып жатыр. Қараша айынан бері арнайы полигонға 364 мың текше метр қар тасымалданған. Сонымен қатар арықтар мен каналдар қар мен мұздан тазартылып жатыр. Қаладағы еріген және жауын-шашын суларын бұру жүйесі толық ретке келтірілді. Оның жалпы ұзындығы 61,6 шақырым болса, 55 шақырымы ашық арық, 6,6 шақырымы жабық желі. Барлық 45 дренаждық-жинақтау құдығы мен 5 сорғы станциясы жұмысқа дайын. Облыс әкімі Асхат Шахаров Қарғалы тұрғын алабындағы Песчанка өзені бойында жүргізіліп жатқан жағалауды бекіту жұмыстарының барысымен танысты. Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Песчанка өзенінің 800 метр аумағындағы арнасы кеңейтіліп, тереңдетілді, құрғаған ағаштардан тазартылып, жағалауы бекітілді. Жұмыстардың жалпы құны 26,3 млн теңгені құрайды, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ақтөбе қаласында су тасқынына қарсы күрес жұмыстарына 639 млн теңге бөлінген. Оның тең жартысынан астамы су тасқынына қарсы күрес жұмыстарына жұмсалады. Ал қалған бөлігі су сору жұмыстарына бағытталады. Биыл 120 ассенизатор, екі жылжымалы сорғы станциясы, мотопомпалар және арнайы техника жұмылдырылмақ. Сондай-ақ 10 мың текше метр инертті материал мен 15 мың қап дайындалған.

— Конкурс қорытындысы бойынша мұз жару жұмыстарын жүргізетін мердігер ретінде «QazTechEngineeringGroup» компаниясы анықталды. Жұмыстар Елек өзенінің екі учаскесінде жүргізіледі, — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбедегі ірі су қоймаларының тең жартысынан астамы бос тұр. Қазір Қарғалы, Сазды, Ақтөбе су қоймалары су қабылдауға дайын. Үшеуінде 300 млн текше метрден астам бос орын бар

Соңғы жаңалықтар
Референдум