Ақтөбе қаласының әкімдігі шағын сәулет мүсінін орнату кезінде қандай құйтұрқы әрекет жасады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласының әкімдігі шағын сәулет мүсінін орнатуға келіскен мердігерге екі рет қаржы аударды. Бірақ жұмыс көлемі өзгермеген. Жемқорлық тәуекелдерін анықтаған Антикор оны жоюды ұсынды.

антикор
Фото: Мухтор Холдорбеков / МИА "Казинформ"

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті қаладағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне монторинг жүргізді. Мемлекеттік сатып алу заңдылықтарын саралау кезінде шағын сәулет мүсінін орнату үшін 46 млн теңге ұсынғаны белгілі болды.

Ал «Қайсар Relations» ЖШС-і бұл жұмысты 25,2 млн теңгеге атқаруға уәде етеді. Кейін арада 15 күн өткенде қалалық ТҮКШ бөлімі осы компанияға тағы 18,6 млн теңге бөліп, қосымша келісімшарт жасайды. Алайда жұмыс көлемін арттырмай, сол күйі қалдырады. Сөйтіп компания 43,8 млн теңге қаржыға алғашқы келісімшарттың жұмысын атқарады. 

- 2023 жылдың сәуір айында Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімінің аппараты және «Қайсар Relations» ЖШС-і 25 млн теңгенің келісімшартына қол қояды. Техникалық негіздемеде 8 шағын сәулет мүсінін орнату туралы жазылған. Оның ішінде Рауан, Бекқұл баба, Қызылжар, Нокин тұрғын алаптарының атын жазу келісімшарты бар. Сонымен бірге былтыр маусым айында тағы 5 шағын сәулет мүсінін орнату үшін қосымша келісімшарт жасалады. Оған 15 млн теңге қарастырылды. Электронды актте жұмыстың толық көлемде атқарылғаны, қаржының аударылғаны жазылған. Келісімшарт талаптары бойынша шағын мүсінді күтіп ұстауға 1 жылдық кепілдік бар. Соған қарамастан Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігі «Есиль-2018» ЖШС-і келісімшартқа қол қойып, жұмыстарға 17,6 млн теңге қарастырылды. Дәл осындай жағдай Астана ауданы әкімдігінде де тіркелді, - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Есқали Саламатов.

Нәтижесінде қосымша келісімшарттар арқылы жоба құны 35,6 млн теңгеге артты. Яғни, бәсекелестік жоқ. Ұсынған қаржының тең жартысына жұмыс істеуге уәде беріп, кейін қосымша келісімшартпен алғашқы сатып алудағы соманы алу жемқорлық тәуекелін арттырған. 

- Мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың құқығын шектеу, талапқа сәйкес емес жұмыстарды қабылдау, смета құнын негізсіз асыру фактілері, мүдделер қақтығысы мен лауазымды тұлғалардың дискрециялық өкілеттіліктері анықталып отыр. Мысалы 2022 жылы қалалық әкімдік құны 444,6 млн теңге болатын «Қала үйлерін сәндік жарықтандыру» жобасын жүзеге асырған.

Тапсырыс беруші - қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі. Мұнда әлеуетті өнім берушілерге сәндік-әрлеу жұмыстары саласында тәжірибенің болуы талабын негізсіз белгілеген.Бүгінгі күні талдау аяқталып, жемқорлық тәуекелдерін жою жоспары әзірленіп жатыр,- деді Есқали Саламатов.

Еске салсақ, Ақтөбеде Антикор спорт саласындағы заң бұзушылықтарды тексеріп, 10 директор мен бапкердің жалған дипломмен жұмыс істеп жүргенін анықтады. Сонымен бірге сыйақыны заңсыз беру дерегін тіркеді.