Ақтөбе қаласында балаларға арналған 50 ойын алаңы салынады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында бұқаралық спортты дамытуға арналған алаңдар салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ақтөбе қаласында балаларға арналған 50 ойын алаңы салынады

Облыс әкімдігінде Ақтөбе қаласының 2022 жылға арналған даму жоспары талқыланды. Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында биыл жүзеге асырылады деп жоспарланған Ақтөбе қаласын абаттандыру және инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту жобалары қаралды.

Жиынға Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, қала әкімінің орынбасарлары және жауапты сала басшылары қатысты.

Баяндамада келтірілген мәліметке сүйенсек, биыл Ақтөбеде балаларға арналған 50 ойын алаңын, дәл сондай көлемде воркаут, бес футбол және баскетбол алаңын салу жоспарланды. Саябақтар мен скверлерді абаттандыру, ескі үйлерді жаңғырту, көпқабатты үйлердің аулаларын жарықтандыру және асфальттау бойынша ауқымды жұмыстар жалғасады. Бұдан басқа ескірген 1500 шамды энергия үнемдейтін диотты шамға алмастыру көзделген.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі осы жобалардың бәрі облыс орталығының тұрмысын жақсартуда, ақтөбеліктердің өмір сапасын көтеруде маңызы зор екенін атап өтті.

Өңір басшысы жұмыстарды бекітілген мерзімде сапалы орындауды тапсырды.