Ақтөбе қаласында карантин режимі сақталады
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласы бойынша карантин режимі сақталады, блокпосттар сол күйі жұмысын жалғастырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақтөбе облысы бойынша шектеу шаралары сол күйі сақталады. Ақтөбе қаласы карантинде болады. Эпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанда, егер өсім 5 пайыздан аспаса, карантин режимін жеңілдету кезең-кезеңімен жалғаса береді. Міндетті түрде ара қашықтық сақталып, бетперде әр 2 сағат сайын ауыстырылуы тиіс», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.
Қазір емханаларға телефон арқылы жазылып, дәрігерлер қабылдауына баруға рұқат берілді. Ал халыққа қызмет көрсету орталықтары онлайн режимде қызмет көрсетіп жатыр.
«Блокпосттар сол күйі жұмысын жалғастырады. Себепсіз қаладан шығуға болмайды, ауданнан да кіре алмайды. Құжаты болса өткізеді. Теміржол, көлік қатынасын жандандыру мәселесі әлі қарастырылып жатыр», - деді Нұрсұлу Беркімбаева.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласында бүгін тағы 2 адамнан індет анықталды. Қазір олар инфекциялық ауруханада жатыр. Облыс бойынша барлығы 174 адам вирус жұқтырып, оның 54-і емделді.