Ақтөбе қаласында тариф көтерілгенімен, қоқыс шығару жұмысы реттелмей тұр

Ақтөбе қаласының аумағы жыл сайын үлкейіп келеді. Сәйкесінше коммуналдық мекемелердің жұмысы артты.
«Қалада қоқыс шығару жұмысы қиындап кетті. Қайда барсаң да, қайда қарасаң да үйілген қоқыс. Біздің ауладағы қоқыс бір апта алынбай, шіріп, иіс шығып кетті. Алдымен контейнерлер толды, кейін адамдар амалы жоқ болған соң жан-жағына лақтырды. Ал ол жерде машина да, адам да жүреді», - деді қала тұрғыны Закия Асанова.
Қазіргі кезде қалалық мәслихаттың шешімімен Ақтөбе қаласында қоқыс шығару тарифі көтерілді. Алғашында шілде айындағы жұмыстың мардымсыз жүргені ескеріліп, тек тамыз айынан бастап жаңа тарифке көшу міндеттелді. Алайда тұрғындар шілде айынан бастап жаңа тарифпен есептелгенін, ал жұмыстың дұрыс жүргізілмегенін айтып шағымданды.
«Қала аумағындаңы тарифтерді қайта есептеу жұмысы жүргізілді. Көпқабатты пәтер тұрғындарының әрқайсысына 417 теңге, ал жер үйлердегі тұрғындарға 450 теңге болып бекітілді. Біз 1-тамыздан бастап жаңа тарифпен есептеуді жөн көрдік. Алайда мердігер компаниялар жаңа тарифпен есептеп, түбіртек жіберген. Сондықтан тамызда қайта шегеру жұмысы жүргізіледі. Қаладағы қоқыс шығару мекемелері қателесіп кеткен»,- деді Ақтөбе қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жомарт Бақыткелді.
Осы айда Ақтөбе қаласында қоқыс шығару үшін жаңа компания құрылды. Бұл компания «Ақтөбе» ӘКК» АҚ-ы жанынан ашылды. Жаңа компанияға техника сатып алу үшін бюджеттен 3 млрд теңге қаржы бөлінді. Алайда қаладағы қоқыс шығару мәселесі әлі шешімін таппады.
«Clean city» мекемесі қоқысты уақытылы шығармады. Қиындықтар туындағаны рас. Жаңа құрылған компанияға қажетті барлық техника 10-қыркүйекке дейін жеткізіледі. Бәрі қалыпқа келтіріледі. Қазір кестеден қалу бар. 1-2 күн кешігіп жатыр. Көліктер қосымша тартылады. «АТК қызмет» мекемесінде 12 арнайы көлік, 10 жүк көлігі, 3 жүк тиегіш бар. Ал өзге екі мердігер мекемеде жұмыс уақытылы жүргізіліп жатыр»,- деді Ақтөбе қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жомарт Бақыткелді.